Қазақстан жасанды интеллект, технологиялық прогресс және экономикалық қауіпсіздік саласындағы сенімді халықаралық әріптестікті дамытуға бағытталған AI Opportunity Partnership бірлескен мәлімдемесіне ресми түрде қосылды.
АҚШ астанасында өткен шарада құжатқа Қазақстан Республикасының атынан Премьер-Министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев қол қойды.
Бұл серіктестік қатысушы елдердің жасанды интеллектті дамытуға қатысты ортақ тәсілдерін бекітеді. Құжат шеңберінде инновациялық реттеу, кәсіпкерлер мен стартаптарды қолдау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (R&D) дамыту, жеке инвестициялар тарту, есептеу инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейту және сенімді AI-экожүйелерін құру көзделген.
Мәлімдемеде жасанды интеллекттің физикалық негізіне — маңызды минералдар, энергетика, деректер орталықтары, есептеу қуаттары, жартылай өткізгіштер, инженерлік кадрлар мен тұрақты жеткізу тізбегіне ерекше назар аударылған.
Бұл серіктестік елге AI-инфрақұрылымына инвестиция тартуға, маңызды минералдарды өңдеуді дамытуға, инженерлік және AI-кадрларын даярлауға, сондай-ақ ашық және жабық үлгідегі озық AI-модельдерге қолжетімділікті кеңейтуге жол ашады.
Ынтымақтастық Қазақстанның өз AI-инфрақұрылымын, технологиялық кәсіпкерлікті және маңызды технологиялар саласындағы халықаралық серіктестікті нығайту бағытына толық сәйкес келеді.
