Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алжирдің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Осман Михаджимен кездесіп, су шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Кездесу барысында қос мемлекеттің су ресурстарын сақтау және бөлу мәселелерінде ұқсас сын-қатерлерге тап болып отырғаны белгілі болды. Алжир тарапы әсіресе Қазақстанның су ресурстарын басқаруды цифрландыру саласындағы тәжірибесіне жоғары қызығушылық танытты.

Шетелдік делегация екі елдің ғылыми ұйымдары бірлесіп зерттеу жүргізетін пилоттық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ өнеркәсіптік су пайдалану, суды тұщыту және жерасты су қорларын игеру бағыттарында тәжірибе алмасуды ұсынды. Елші Осман Михаджи екі жылдық мерзімге арналған ынтымақтастықтың жол картасын әзірлеуді алға тартты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмыс тобын құруға келісті.

«Екі елде де өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығындағы су тұтыну үлесі бір-біріне өте ұқсас. Сондықтан Алжирдің экономиканың түрлі салалары мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықта суды үнемдеу және тиімді бөлу тәжірибесі бізге қызық. Сонымен қатар су шаруашылығы саласындағы өзара тәжірибе алмасу үшін екі елдің мамандарын алмастыру мүмкіндігін де қарастыруға болады», — деп атап өтті Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

