Қазақстан Африка елдерінің жастарына цифрлық технологиялар, бағдарламалау және жасанды интеллект бағыттары бойынша 100 тегін оқу орнын ұсынады, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министірлігіне сілтеме жасап.
Бұл бастама Халықаралық электрбайланыс одағымен (ХЭО) жасалған келісім аясында жүзеге асады. Сонымен қатар қазақстандық жас мамандарға ХЭО-да жұмыс істеу мүмкіндігі ашылып, елімізде ұйымның Акселерация орталығын құру жұмыстары басталады.
7 қарашада Дохада өткен кездесулер аясында тараптар үш негізгі бағыт бойынша уағдаластыққа қол жеткізді.
Қазақстандық жас мамандар ХЭО-да тәжірибе жинақтайды
Қазақстанның ХЭО-ның кіші кәсіби қызметкерлер бағдарламасына (Junior Professional Officers, JPO) қосылуы туралы келісімге Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин қол қойды.
Қазақстан бағдарламаны 0,6 жарна бірлігіне тең үлеспен қолдауды жоспарлап отыр. Бұл бастамаға қазақстандық байланыс операторлары да үлес қосқан.
Бағдарлама аясында қазақстандық жас мамандар ХЭО құрылымында жұмыс істеп, халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасуға және ұйымның түрлі бастамаларына қатысуға мүмкіндік алады. Жинақталған білім мен кәсіби дағдыларды кейін елдегі цифрлық жобаларды дамытуға қолдануға болады.
Африка елдерінің жастарына 100 тегін оқу орны бөлінеді
Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – Африка елдерінің қатысушыларына арналған 100 тегін білім беру орнын ашу.
Оқу бағдарламасы цифрлық технологиялар, бағдарламалау және жасанды интеллект бағыттарын қамтиды. Білім беру бастамасы Қазақстанның Astana Hub, alem.ai, Tech Orda, TUMO және Tomorrow School сияқты технологиялық және білім беру жобаларының тәжірибесіне негізделеді.
Осы бағыттағы құжатқа Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев пен ХЭО Электрбайланысты дамыту бюросының директоры Космас Завазава қол қойды.

Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығы құрылады
Келісімдердің үшінші бағыты Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығын құру жобасына қатысты. Осы мақсатта ХЭО мен ЦАРКА арасында орталықтың моделін әзірлеу және оны валидациялау жөнінде хат-келісім жасалды.
Орталықты құру туралы бастапқы келісімге Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен ХЭО 2026 жылғы 5 шілдеде қол қойған болатын. Ал жаңа құжат жобаның нақты құрылымын әзірлеуге арнайы қаржы бөлуді көздейді.
Жобаға бірнеше ұйымның тәжірибесі мен мүмкіндіктері жұмылдырылады. Министрлік мемлекеттік және институционалдық қолдау көрсетсе, ХЭО халықаралық әдіснамасы мен сараптамалық желісін ұсынады. ЦАРКА сараптамалық әлеуетімен бөлісіп, Astana Hub технологиялық экожүйені дамытуға атсалысады.
Орталық ХЭО-ның ITU Playbooks әдістемелік материалдарын пайдаланып, белгіленген тиімділік көрсеткіштері бойынша жұмыс істейді. Сонымен қатар олардың тәжірибеде қолданылу нәтижелері туралы ХЭО-ға кері байланыс беріледі. Бұл халықаралық әдістемелерді Қазақстан мен Орталық Азияның қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның халықаралық цифрлық білім беру саласындағы рөлі артады
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қол жеткізілген уағдаластықтар қазақстандық мамандардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, елдің халықаралық тәжірибемен бөлісуіне де жол ашады.
Министр Қазақстандағы жас мамандардың халықаралық тәжірибе жинақтауын, Африка елдері жастарының сұранысқа ие цифрлық дағдыларды меңгеруін және өңірлік қажеттіліктерге бейімделген Акселерация орталығын құруды маңызды бағыттар ретінде атап өтті.
Осылайша, Қазақстан мен ХЭО арасындағы келісімдер цифрлық кадрлар даярлау, жасанды интеллект саласындағы білімді тарату және халықаралық технологиялық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Тараптар уағдаластықтарды іске асыруға кірісіп, бағдарламаларды іске қосу бойынша келесі қадамдарды айқындауды жоспарлап отыр.
Келесі материал: QazaqGaz Қашағанда газ зауытын салу үшін Қытай компанияларымен келісім жасады
