Қанат қаққан қыран құстардың қалықтаған ұшуы, құсбегілердің дәл қимылы мен сайыс кезіндегі ерекше тартыс! Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында құсбегіліктен «Алатау салбұрыны – 2026» халықаралық турнирі өтті. Дүбірлі додаға Қазақстанның 11 өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Моңғолия және Қытайдан келген құсбегілер қатысты.
Турнирге барлығы 76 жыртқыш құс әкелінді. Оның ішінде 51 бүркіт, 16 қаршыға және 9 ителгі бар. Қатысушылардың жасына шектеу қойылған жоқ. Тәжірибелі саңлақтармен қатар жас, жаңадан қанат қаққан құсбегілер де өз өнерлерін ортаға салды.
Жарыстың алғашқы күні құсбегілердің ұлттық киімі, аңшылық құрал-жабдықтары мен жарақтары, сондай-ақ баптап отырған құстарының сыртқы келбеті, дене бітімі, күйі мен өзіндік ерекшеліктері бағаланды. Одан кейін қатысушылар практикалық кезеңдерге кірісті. Бүркіттер иесінің шақыруымен қолына қону және арнайы жемтік — шырғаны ілу шеберлігін көрсетті. Қаршыға мен ителгілер де шақыруға келу және көгершінге түсу сынақтарынан өтті.

Әсіресе, алыста отырған құстардың иесінің дауысын танып, шақыру бойынша зулап келіп қолға қонған сәттері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Әр құсбегі көпжылдық тәжірибе мен құсымен қалыптасқан тығыз байланыс негізінде өзіне тән шақыру үнін қолданды. Сырт көзге жеңіл көрінетін мұндай әрекеттердің артында жылдар бойғы жаттығу, төзім мен адам және оның қанатты серігі арасындағы өзара сенім жатыр.
Екінші күні үш санат бойынша жартылай финалдық және финалдық сайыстар өтті. Турнирдің шарықтау шегі — практикалық аңшылық кезеңдері болды. Бұл кезеңде бүркіт, қаршыға мен ителгі табиғи қабілеттері мен далалық жағдайда аң аулау шеберліктерін көрсетті. Бағалау барысында құстың шапшаңдығы, дәлдігі мен аңшылық өнерінің көрнектілігі, сондай-ақ оның бапталуы және иесімен өзара үйлесімділігі ескерілді.
Айта кету керек, жарысқа құсбегілікті жай ғана әуесқойлық емес, өмірлік ұстанымы мен бірнеше ұрпақтан жалғасқан мұрасы санайтын тұтас отбасылар мен әулеттер де қатысты.
Сол сабақтастықты жалғастырып жүрген жандардың бірі — Алматы облысының өкілі Жамбыл Досымжан. Ұлттық өнерге деген қызығушылығын оған әкесі дарытқан. Ал бүгінде өзі де жас құсбегілерге білгенін үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп келеді. Оның қоржынында халықаралық деңгейдегі ірі жарыстардың жеңістері бар. Бұл жолы да ол «Бүркіт» санатында топ жарып, турнир чемпионы атанды.
«Бұрынғы заманда, әсіресе қиын-қыстау кезеңдерде, жыртқыш құстар адамдарға аң аулап, тұтас ауылды азық-түлікпен қамтамасыз етуге көмектескен. Бүгінде сол көне өнер қайта жаңғырып, отандық спорт саласында жаңа мазмұнмен дамып келеді. Жарыс кезінде құстардың өнер көрсетуі әртүрлі болады. Мұнда олардың табиғи қабілеті, мінезі, дайындығы және, әрине, иесінің шеберлігі үлкен рөл атқарады. Менің «Ақжол» атты бүркітім бүгін барлық тапсырманы өте жақсы орындады. Оған көңілім толады. Мені әсіресе Қазақстанда құсбегіліктің ұлттық спортты дамытуда лайықты орын алып, сонымен бірге өзінің тарихи және мәдени құндылығын сақтап келе жатқаны қуантады», — деп бөлісті Жамбыл Досымжан.
Бүркітпен сайыс қорытындысы бойынша күміс жүлдені Алматы қаласының өкілі Арман Кушкаров «Медеу» атты бүркітімен иеленді. Ал Жетісу облысынан келген Әзен Шәймерден «Ерке» атты бүркітімен үшінші орынға тұрақтады.
Ителгі құсы бойынша Қарағанды облысының өкілі Теміралі Төлегенұлы «Жұлдыз» атты ителгісімен бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын Жамбыл облысының өкілі Бақдаулет Бабажан мен оның «Қаракөз» атты құсына бұйырды. Үздік үштікті Қарағанды облысының өкілі Жандәулет Қазбек «Чемпион» атты ителгісімен түйіндеді.
Қаршыға құсы бойынша Алматы облысының өкілі Сағыныш Баетбай «Жебе» атты қаршығасымен үздік атанды. Күміс жүлдені Алматы облысының тағы бір өкілі Бексұлтан Сейтжан «Ақниет» атты қаршығасымен иеленді. Ал үшінші орын Астана қаласының өкілі Ержан Сахарбай мен оның «Ақ-жүрек» атты қаршығасына бұйырды.
Әр санат бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, медальдармен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, бірінші орын иегеріне — 500 мың теңге, екінші орынға — 300 мың теңге, үшінші орынға 200 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

«Алатау салбұрыны – 2026» халықаралық турнирінің жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады.
Бәсекелі дода құсбегілердің шеберлігін шыңдап, тартысты сайыс арқылы көрерменге ерекше әсер сыйлап қана қоймай, қазақ халқының бірегей тарихи-мәдени мұрасының бірі саналатын құсбегілік өнерді сақтау, дамыту және кеңінен насихаттау жолындағы маңызды қадам болды.
Келесі материал: Алматы тауларында байланыссыз қалған адамдарды іздеуге арналған жаңа жүйе сыналуда
