Қазақстанның ұлттық газ компаниясы QazaqGaz Қашаған кен орнында қуаттылығы жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін жаңа зауыт салу бойынша EPCC-келісімшартқа қол қойды. Жоба шикі газды өңдеу көлемін арттырып, ішкі нарықты тауарлық газбен қамтамасыз етуге бағытталған, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
6 қарашада Қытайға жұмыс сапары аясында «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов қытайлық серіктестермен келіссөз жүргізді. Кездесуде Қашаған кен орнының шикізаты негізінде жаңа газ өңдеу зауытын салу жобасы талқыланды.
Келіссөздердің негізгі нәтижесі – нысанды жобалау, жабдықтармен қамтамасыз ету, құрылыс жұмыстарын жүргізу және пайдалануға беру жөніндегі EPCC-келісімшартқа қол қою болды.
Құжатқа ұлттық компанияның еншілес ұйымы – «QazaqGaz Processing» ЖШС мен бірнеше компаниядан құралған консорциум қол қойды. Оның құрамына China National Chemical Engineering Sixth Construction Company компаниясының Қазақстандағы филиалы, China Wuhuan Engineering Corporation Ltd., «AVC Production» ЖШС және «C-NRG» ЖШС кірді.

Жаңа зауыттың ел экономикасы үшін маңызы
Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын салу Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі саналады. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылмақ.
Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін Қашаған кен орнынан алынатын шикі газды өңдеу көлемі едәуір артады. Сонымен қатар ішкі нарыққа қосымша тауарлық газ, сұйытылған көмірсутек газы (СУГ) және күкірт жеткізуге мүмкіндік туады.
Жобаны іске асыру Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.
Келесі материал: Қазақстан өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем рекордын жаңартып, алтын медаль жеңіп алды
