SteppeNews.kz: Павлодарда 2 мыңнан астам білім беру саласы қызметкерінің жеке деректері ашық дереккөздерден жойылды.
Павлодар қаласының прокуратурасы мектеп қызметкерлерінің жеке деректері жария болып кеткенін анықтады. Мемлекеттік сатып алу порталында 28 білім беру мекемесі қызметкерлердің жеке мәліметтері көрсетілген медициналық тексеру туралы хабарландыруларды орналастырған.
Құжаттарда жұмысшылардың сауалнамалары, тұрғылықты мекенжайлары мен телефон нөмірлері жарияланған. Мұндай ақпараттың еркін қолжетімділікте болуы оларды өзге мақсаттарда, соның ішінде алаяқтық әрекеттер үшін пайдалану қаупін тудырған.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде 2 065 қызметкердің жеке деректері жойылды. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Қадағалау органы қабылданған шаралар заң бұзушылықтарды жоюға және қызметкерлердің құқығын қорғауға мүмкіндік бергенін атап өтті.
