SteppeNews.kz: Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанға еліміздің жоғары марапаты — «Qoja Ahmet Yasaui» орденін табыс етті. Түркия Президенті бұл орденнің алғашқы иегері атанды.
Түрік лидері бұл марапатты иелену өзі үшін үлкен мәртебе екенін айтып, Қазақстан тарапына шынайы ризашылығын білдірді.
«Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын!» — деді Түркия Президенті.
Салтанатты шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайып Ердоғанды түркі әлемінің ең ықпалды тұлғаларының бірі ретінде атап өтіп, оның түркі елдерінің бірлігін бекемдеудегі рөліне тоқталды. Қазақстан Президенті Ердоғанның қолдауымен Түркі мемлекеттері ұйымы беделді халықаралық құрылымға айналғанын, сондай-ақ ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы және Түркі инвестициялық қоры сияқты ұйымдардың жұмысы жанданғанын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркияны тек стратегиялық серіктестік емес, ортақ тарихи тамыр, мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіретінін жеткізді.
