SteppeNews.kz: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысып, сала майталмандарын кәсіби мерекелерімен құттықтады. Президент өз сөзінде мәдениетті ұлттық болмыстың өзегі деп атап өтіп, ел руханиятын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтардың еңбегін жоғары бағалады. Жиын барысында Мемлекет басшысының Жарлығымен мәдениет саласында ерекше көзге түскен бір топ өнер иелері мен мамандар мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Марапаттау рәсімінде Алматы қаласындағы «Ұлттық өнер» ЖШС директоры Татьяна Николаевна Бурмистрова мен «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының» солисі Мақпал Мұхамедьярқызы Жүнісова ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Сондай-ақ, журналист Әлия Мейрамғазықызы Әшім және театр мен кино актері Жасұлан Ерболұлы Көпберген «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды. Бұдан бөлек, өзге де мәдениет саласына еңбегі сіңген өкілдерге «Парасат», «Құрмет» ордендері, «Шапағат» медалі, сонымен қатар «Қазақстанның халық әртісі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтары табысталды.
Президент өз сөзінде кітап оқу мәдениеті мен ұлттық құндылықтарға тоқталып, былай деді:
«Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек».

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы мәдениеттің мемлекет өміріндегі маңызын ерекше атап өтті:
«Мәдениет – халқымыздың ұлттық болмысы мен рухани дербестігінің арқауы екенін бәріміз жақсы білеміз. Мәдени және рухани дүниесін сақтай білген елдің мәртебесі биік, мерейі үстем болары айқын».
