Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кедендік құжаттар бөлігінде ақпараттық жүйелерді Цифрлық теңге платформасымен интеграциялау жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Жоба жыл басынан бері Платформаның Ұлттық операторы — «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-мен бірлесіп жүзеге асырылды.
Іске қосылған тетік пилоттық жобаға қатысушыларға тауарларға декларациялар (ТД) және тауарларды әкелу туралы өтініштер (ТӘӨ) бойынша импорт кезіндегі қосылған құн салығын бюджетке цифрлық теңгемен төлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте кедендік құжаттар бойынша төлем мәртебелерімен тікелей алмасу жүзеге асырылады.
Төлем мәртебесі нақты уақытта беріледі
Кедендік жүйелердің Цифрлық теңге платформасымен тікелей өзара іс-қимылы МКК ақпараттық жүйелеріне төлем мәртебесін нақты уақыт режимінде алуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге кедендік декларацияны автоматты түрде төлеу механизмі енгізілді. Бұл декларацияның шығарылу процесін жеделдетуге бағытталған.
Жаңа тәсіл көшірмелер негізінде жүргізілетін мерзімдік салыстырудың орнына МКК мен Платформа жүйелері арасында төлем мәртебелері туралы тікелей ақпарат алмасуды көздейді. Нәтижесінде сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың әкімшілік жүктемесі азайып, шекарада күту уақыты мен кедендік өткізу пункттеріне түсетін жүктемені қысқартуға мүмкіндік береді.
Цифрлық теңге инфрақұрылымы кеңейіп келеді
Цифрлық теңге платформасы төлемдердің бағдарламалануы, қаражат қозғалысын қадағалау және мемлекеттік органдар мен қаржы секторы арасындағы үздіксіз өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін қамтитын жаңа буын инфрақұрылымы ретінде қолданылып отыр.
Жобаны іске асыруға екінші деңгейдегі банк — «Қазақстан Халық Банкі» АҚ да үлес қосты. Банк өз жүйелерінің техникалық дайындығын және Платформамен синхрондалуын қамтамасыз етті. Төлем инфрақұрылымының дайындығы мен қызметтерді пысықтау барысындағы команданың жедел жұмысы тетікті қысқа мерзімде іске қосып, оның нақты операциялардағы жұмысын тексеруге мүмкіндік берді.
«Цифрлық ҚҚС» жобасын кеңейтуге мүмкіндік
Жаңа тетік «Бюджеттен қосылған құн салығын қайтару» («Цифрлық ҚҚС») жобасын экспорттаушыдан импорттаушыға дейінгі толық тізбек бойынша кеңейтуге негіз болады.
Жоба операциялардың ашықтығын арттыруға, ҚҚС қайтару процесін жеделдетуге және қосылған құн салығын әкімшілендіруді одан әрі автоматтандыруға бағытталған.
Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен, «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ және екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, цифрлық теңге негізіндегі қызметтерді ауқымдандыру бойынша жұмысты жалғастырады. Бұл сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға түсетін әкімшілік жүктемені кезең-кезеңімен төмендетуге мүмкіндік береді.
Келесі материал: Аралқұм бақылауда: Қазақстан мен Қытайдың бірлескен зерттеулері
