Өзбекстанның Андижан қаласында бір отбасында бес егіз бала дүниеге келді. Шаһардағы №2 перзентхана кешенінде тіркелген бұл оқиға жұртшылықты үлкен қуанышқа бөледі, деп хабарлайды SteppeNews.kz Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бес баланың анасы Наргиза Бекжанова Андижан қаласындағы «Қайрағаштас» махалласында тұрады. Ол перзентханаға шілденің алтысы күні көпұрықты жүктілік диагнозымен қабылданған еді. Дәрігерлер мерзімінен бұрын босану қаупі болғандықтан кесарь тілігі отасын жасауды жөн көрді. Күрделі операцияны білікті акушер-гинекологтар, неонатологтар мен реаниматологтар сәтті аяқтады.
Дүниеге келген шақалақтардың үшеуі қыз, екеуі ұл бала. Бірінші туған қыз баланың салмағы 1450 грамм, ал екінші туған ұлдың салмағы 1605 грамм. Үшінші қыздың салмағы 1495 грамм болса, төртінші ұл бала 1585 грамм болып туды. Бесінші болып жарық дүниеге келген ең кішкентай қыздың салмағы 1205 граммды көрсетті.

Қазіргі уақытта ана мен бес сәбиге мамандандырылған медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Олар Республикалық ана мен бала денсаулығы ғылыми-практикалық орталығының Андижан облыстық филиалына ауыстырылды. Бес егіздің де, анасының да жағдайы жақсы және олар дәрігерлердің жіті бақылауында.
Айта кетейік, дәл осы Андижан қаласында өткен айда да осындай қуанышты жаңалық болған еді. Ол кезде аталған медициналық орталықтың филиалында төрт егіз сәби дүниеге келген болатын. Бұл өңірдегі дәрігерлердің жоғары кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

