Алматыда 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымы қарсаңында тәулік бойы «Жедел әрекет ету штабы» жұмыс істейді. Жылу берілмеген, су аққан немесе басқа да ақау болған жағдайда тұрғындар 109 жедел желісіне, 225-14-31 нөмірі бойынша Бірыңғай диспетчерлік орталыққа немесе көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына хабарласа алады. Бұл туралы Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, жылыту нысандарын орталық жүйеге қосу кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен жылу білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдары сияқты әлеуметтік маңызы бар нысандарға және тұрғындар үшін маңызды басқа объектілерге беріледі. Одан кейін көппәтерлі тұрғын үйлер мен өзге де нысандар жылыту жүйесіне қосылады.
Тұрғындарға жылыту маусымы басталғанға дейін пәтерлердегі радиаторлар мен бекіту арматурасының жарамдылығын тексеру ұсынылады. Жылыту жүйесіне өз бетінше араласуға, оның ішінде радиаторларды алып тастауға немесе жүйедегі суды ағызуға болмайды. Мұндай әрекеттер апатқа, жылыту жүйесінің жұмысының бұзылуына және тікқұбырлардағы жылудың өшуіне әкелуі мүмкін.
Сондай-ақ радиаторлар мен жылыту тікқұбырларына баратын жолды жабуға немесе оларды қалың пердемен көлегейлеуге болмайды. Бұл бөлмеге берілетін жылу мөлшерін төмендетуі мүмкін.
Жылу беріле бастаған алғашқы күндері қауіпсіздік шараларын сақтау қажет. Радиаторлар қатты қызуы мүмкін болғандықтан, балалар мен үй жануарларын олардың жанына жақындатпауға назар аудару керек.
Тұрғындар өтініштерін 109 жедел желісі мен Бірыңғай диспетчерлік орталықтан бөлек, Open Almaty және e-Otinish сервистері арқылы да жолдай алады. Сондай-ақ Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларына хабарласуға болады.
Еске салайық, Алматыда жылыту маусымын 9 қазанда бастау жоспарланған.
Келесі материал: Қытайда еңбек нарығында жаңа мамандықтар пайда болды
