SteppeNews.kz: Алматы халықаралық әуежайының президенті Гокер Косе Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа әуежайдағы ауқымды жаңғырту жұмыстарының барысын көрсетті.
Жұмыс сапары аясында министр ең алдымен қайта жөндеуден өтіп жатқан ішкі рейстер терминалын (Т1) аралады. Онда жүк беру және жолаушыларды тіркеу аймақтарындағы жаңарту жұмыстары таныстырылды. Әуежай басшысы Гокер Косенің мәлімдеуінше, аталған терминалды жаңғырту осы жылдың шілде айында толық аяқталмақ.

Бұдан бөлек, министрге әуежай инфрақұрылымын дамытуға бағытталған өзге де жобалар ұсынылды. Олардың ішінде автотұрақ аймағын кеңейту жоспары мен әуежай маңында бой көтеретін жаңа қонақ үй кешенінің жобасы бар.
Келесі кезекте делегация халықаралық терминалдағы (Т2) төбе конструкцияларын жаңарту жұмыстарын көріп, әуежай мұражайы мен жерүсті қызметтерін үйлестіруші «Әуежайды жедел басқару орталығының» тыныс-тіршілігімен танысты.

Сапар соңында әуеайлақ аумағындағы жанармай құю кешені мен әуе кемелерін мұзданудан қорғайтын арнайы өңдеу алаңы көрсетілді.
Барлық жобалар 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Бас жоспардың алғашқы кезеңі – Horizon бағдарламасы шеңберінде атқарылуда. Бұл кезең 130-дан астам инфрақұрылымдық нысанды қамтиды, атап айтқанда:
-
ұзындығы 4400 метр болатын жаңа рулеждік жол құрылысы;
-
бетон жабынды ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу;
-
VIP-перрон мен ұшақ тұрақтарын жаңарту;
-
жаңа жүк перроны мен техникалық қызмет көрсету ангарын салу.

Бас жоспардың жүзеге асуы әуежайдың өткізу мүмкіндігін жылына 40 млн жолаушыға дейін ұлғайтып, 2300-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға жол ашады. Кешенді жаңғырту жұмыстары Алматының Еуропа мен Азияны тоғыстыратын басты авиациялық хаб ретіндегі рөлін бекемдей түспек.

