Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында республикалық Creative Aimaq жобасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» атты көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, өңір креаторларының жұмыстарымен танысты деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Қатысушыларға арнаған сөзінде министр Creative Aimaq жобасының негізгі мақсаты – өңірлік креаторларды қолдау, олардың өнімдері мен қызметтерін кеңінен танытып, нарыққа шығуына мүмкіндік жасау екенін атап өтті.

Көрме барысында Солтүстік Қазақстан облысының шығармашылық өкілдері тарихи-мәдени мұраны, аймақтық брендтерді, заманауи технологиялық әзірлемелерді және инклюзивті бастамаларды таныстырды. Келушілер Ботай мәдениетіне арналған интерактивті экспозицияны, ұлттық нақыштағы дизайнерлік киімдерді, авторлық керамиканы, қолөнер бұйымдары мен кәдесыйларды тамашалады.

Сонымен қатар «Цифрлық киіз үй» аймағында жасанды интеллект, робототехника, GameDev, VR/AR және 3D-басып шығару бағытындағы жобалар көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шара аясында өңір авторлары түсірген деректі, анимациялық және қысқаметражды фильмдер де көрсетілді.
Көрме-жәрмеңке барысында дизайнерлер Айжан Колчина мен Сабина Вольскаяның этникалық киім топтамалары таныстырылды. Сондай-ақ келушілер шеберлік сабақтарына қатысып, ұсынылған өнімдерді сатып алды.
Екі күннің қорытындысы бойынша көрме-жәрмеңкеде креативті индустрия өнімдері 4,9 млн теңгеге сатылды.
Creative Aimaq жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылып келеді. Жоба отандық брендтерді қолдап, өңірлердің мәдени және шығармашылық әлеуетін кеңінен насихаттауға бағытталған. Бұған дейін бұл алаңда Ақмола және Павлодар облыстарының жобалары ұсынылса, жыл соңына дейін жобаға еліміздің барлық өңірлері қатысады.
