Арал өңірінің тұрақты дамуы бүгінде Орталық Азия елдерінің бірлескен шешімдер қабылдау қабілетіне тікелей байланысты. Су ресурстарының тапшылығы мен климаттың өзгеруіне қатысты сын-қатерлер білім мен деректер алмасуды, әр елдің мамандары арасындағы ынтымақтастықты және кешенді тәсілді талап етеді. Ғылым, білім және өңірлік өзара іс-қимыл тоғысқан тұста Арал өңіріне бейімделудің жаңа тәсілдері қалыптасып келеді.
14-22 тамыз аралығында Қазақстан-Германия университеті (DKU) ұйымдастырған «Тұрақты даму үшін білім беру: білімнен нақты ықпалға дейін» тақырыбындағы 8-Арал жазғы мектебі өтті.
Халықаралық білім беру жобасына Орталық Азия елдері мен Моңғолиядан жас мамандар, зерттеушілер, оқытушылар және азаматтық қоғам өкілдері қатысты. Бағдарлама аясында дәрістер, практикалық сабақтар және Арал өңіріне далалық сапарлар ұйымдастырылды. Бұл қатысушыларға өңірдің экологиялық және әлеуметтік-экономикалық мәселелерін түрлі қырынан қарастыруға мүмкіндік берді.
Бағдарлама спикерлерінің бірі — Өзбекстаннан келген Ұлттық зерттеу университеті «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының» аға оқытушысы Зүлфия Канназарова.
Ол жазғы мектеп аясында «11 қадам: авторлық тәсіл. Ғылыми мақаланы қалай құрылымдауға болады?» атты тренинг өткізіп, ғылыми мақалалар дайындау және халықаралық ғылыми басылымдардың талаптары туралы айтты.
Арал өңіріне ғылыми тұрғыдан негізделген тәсілдер, одан әрі зерттеуді қажет ететін бағыттар және жастардың өңір болашағын қалыптастырудағы рөлі туралы Зүлфия Канназарова SteppeNews.kz сайтына берген сұхбатында айтып берді.

«Бұл жолы жазғы мектепке лектор ретінде оралдым»
— Сіз Арал жазғы мектебіне екінші рет қатысып отырсыз. Осы уақыт ішінде сіз үшін не өзгерді?
— Өткен жолы жазғы мектепке қатысушы ретінде келдім. Сол кезде бағдарлама аясында академиялық мәтіндер дайындау туралы тренинг өткіздім. Сонымен қатар зерттеу тобындағы жұмыс нәтижесінде халықаралық журналда ғылыми мақала дайындап, жарияладық.
Биыл мен жазғы мектепке лектор ретінде қайта келіп, «11 қадам: авторлық тәсіл. Ғылыми мақаланы қалай құрылымдауға болады?» атты тренинг өткіздім. Ол ғылыми мақалаларды дайындауға және халықаралық ғылыми басылымдардың талаптарына арналды.
Қатысушылармен бірге академиялық мәтінмен жұмыс істеудің негізгі кезеңдерін — зерттеу идеясын қалыптастырудан және бастапқы деректерді жинаудан бастап, халықаралық ғылыми журналға мақала дайындауға дейінгі процесті талдадық.
Арал өңіріне қандай ғылыми шешімдер қажет?
— Қазіргі сын-қатерлерге бейімделу үшін Арал өңіріне қандай ғылыми негізделген шешімдер көмектесе алады?
— Өңірге кешенді тәсіл қажет. Оның ішінде су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу, деградацияға ұшыраған экожүйелерді қалпына келтіру және климат өзгерісіне төзімді агросекторды дамыту маңызды.
Сондай-ақ құрғақшылықты болжау, су ресурстарын басқару және негізделген шешімдер қабылдау үшін ғылыми деректер мен заманауи технологияларды белсенді пайдалану қажет.
Ғылыми зерттеулер болып жатқан өзгерістерді тек тіркеп қана қоймай, оларға бейімделудің нақты әрі тиімді құралдарын ұсынуы маңызды.
Қай мәселелер әлі де терең зерттеуді қажет етеді?
— Бүгінде Арал өңіріне қатысты қандай мәселелер жеткілікті деңгейде зерттелмеген?
— Климат өзгерісінің Арал өңіріне ұзақ мерзімді әсерін, шаң-тұзды дауылдардың халық денсаулығы мен экожүйелерге ықпалын, сондай-ақ деградацияға ұшыраған аумақтарды қалпына келтіру мүмкіндіктерін тереңірек зерттеу қажет.
Экологиялық өзгерістердің әлеуметтік-экономикалық салдарына да ерекше назар аударған жөн. Олардың қатарында көші-қон, жастарды жұмыспен қамту және жергілікті халық үшін тұрақты табыс көздерін іздеу мәселелері бар.
Арал мәселесі — тек экология мен су мәселесі емес. Ең алдымен, бұл өңірде өмір сүріп жатқан адамдардың болашағына қатысты мәселе.
Жастардың рөлі қандай?
— Бұл бағытта жас зерттеушілер қандай рөл атқара алады?
— Жас зерттеушілер — болашақта шешім қабылдауға қатысып, өңірдің ғылыми күн тәртібін қалыптастыратын мамандар. Сондықтан жастардың тек академиялық білім алып қана қоймай, өздерінің зерттеу жобаларын дамытуына жағдай жасау маңызды.
Арал жазғы мектебі сияқты білім беру жобалары жастарға түрлі ғылыми және практикалық тәсілдермен танысуға, әр елдің сарапшыларымен жұмыс істеуге және пікірлес адамдарды табуға мүмкіндік береді.
Бұл сондай-ақ тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға және өңірге ортақ мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік беретін орта.
Жас мамандар Арал өңіріндегі экологиялық және климаттық сын-қатерлерді бір елдің шеңберінде шешу мүмкін емес екенін түсінуі керек. Мұнда елдер мен түрлі кәсіби салалардың өкілдері арасында ынтымақтастық, білім алмасу және бірлескен жұмыс қажет.
Халықаралық ғылыми жарияланымдардың маңызы неде?
— Жас ғалымдар үшін зерттеулерін халықаралық деңгейге шығарып, ғылыми журналдарда жариялау неге маңызды?
— Ғылыми жарияланымдар зерттеу нәтижелерін халықаралық ғылыми қауымдастыққа таныстыруға, оларды әртүрлі елдердегі мамандарға қолжетімді етуге және өңірлік зерттеулерді кең ауқымды ғылыми диалогқа енгізуге мүмкіндік береді.
Алайда жарияланымның өзі түпкі мақсат емес. Жас зерттеуші қандай мәселені зерттеп жатқанын, оның не үшін маңызды екенін және зерттеу нәтижелерін практикалық міндеттерді шешуге қалай қолдануға болатынын түсінуі қажет.
Білім беру жобалары осындай түсінікті қалыптастыруға көмектеседі. Жас зерттеушілер Арал өңірінің тарихы мен қазіргі сын-қатерлерін біліп қана қоймай, өз зерттеулерінің нәтижесін халықаралық деңгейде сауатты ұсына алуы және өзін осы мәселені шешуге үлес қосатын маман ретінде сезінуі керек.
«Арал теңізін тек өткеннің экологиялық апаты ретінде қарастыруға болмайды»
— Арал жазғы мектебінің қатысушыларына қандай негізгі ой айтқыңыз келеді?
Келесі материал: Түрік сериалдары әлемдік нарықты кеңейтіп, Қытайға бет бұрды— Арал теңізін тек өткеннің экологиялық апаты ретінде қарастыруға болмайды. Болып жатқан өзгерістердің салдары бүгін де сезіледі. Сондықтан өңірге ғылыми, әлеуметтік және басқару салаларындағы бірлескен шешімдер қажет.
Ғылыми зерттеулер болып жатқан процестерді түсінуге қажетті білім мен құралдарды береді. Алайда зерттеудің өзі мәселені шешпейді.
Арал өңірінің тұрақты болашағы зерттеу нәтижелері іс жүзінде қолданылып, нақты әрекеттердің негізіне айналғанда және өңір елдері арасындағы ынтымақтастыққа ықпал еткенде ғана мүмкін болады.
