Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасында қазақстандық нейрохирургтар Германиядан келген маманмен бірлесіп, сегіз жастағы балаға күрделі операция жасады. Дәрігерлер мидағы сирек патология – гамартоманы микрохирургиялық әдіспен алып тастады деп жазады, SteppeNews.kz ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Ми гамартомасы – ми тіндерінің дамуындағы ауытқуларға байланысты пайда болатын сирек кездесетін туа біткен патология. Балада туғаннан бастап бірқатар неврологиялық бұзылыстар байқалған. Атап айтқанда, себепсіз күлкі ұстамалары, ұйқы мен сөйлеу қабілетінің бұзылуы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, бас ауруы мен есінен тану жағдайлары болған. Мамандардың анықтауынша, ұстамалардың негізгі себебі мидың белгілі бір аймағында орналасқан гамартома болған.
Пациент бірнеше жыл бойы дәрігерлердің бақылауында болып, дәрі-дәрмекпен ем қабылдаған. Бұған дейін хирургиялық араласулар да жасалған. Алайда емге қарамастан, эпилепсиялық ұстамалар жалғасқандықтан, нейрохирургиялық көмектің келесі кезеңін өткізу туралы шешім қабылданған.
Операция халықаралық практикалық мастер-класс аясында ұйымдастырылды. Оған Германиядағы Charité – Universitätsmedizin Berlin университеттік клиникасының балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ульрих-Вильгельм Томале қатысты.
Профессор қазақстандық әріптестерімен бірге нейронавигация және операция кезіндегі нейромониторинг технологияларын қолдана отырып, гамартоманы микрохирургиялық жолмен алып тастады. Бұл әдістер мидың күрделі құрылымдарында дәл жұмыс істеуге және операция барысында маңызды функционалдық аймақтардың жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.
Мастер-класс «Добровольное Общество Милосердие» қоғамдық қорының қаржылық қолдауымен өтті. Бағдарлама аясында мамандар жалпы бес күрделі операция жасап, пациенттерге консультациялар берді. Сонымен қатар қазақстандық дәрігерлер үшін тәжірибелік оқыту сабақтары ұйымдастырылды.
«Біз үшін мидың күрделі ауруларына шалдыққан балалардың Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігі болуы маңызды. Халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және заманауи хирургиялық технологияларды енгізу отандық нейрохирургияны дамытуға және күрделі пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады», – деп атап өтті №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.
Қазіргі уақытта аурухана балалар нейрохирургиясы мен эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеу бағыттарын дамытып, диагностика және емдеудің заманауи әдістерін енгізуді жалғастырып келеді.
Келесі материал: Қырғызстандық спортшылар унибойдан әлем чемпионатында бес медаль жеңіп алды
