Алматы Қытайдан келетін туристер санын арттыруға және халықаралық конференциялар мен іскерлік кездесулерді өткізуге қолайлы бағыт ретінде қаланың әлеуетін дамытуға басымдық беріп отыр деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Осы мақсатта Алматы қаласының өкілдері 3-5 қараша аралығында Бейжіңде өткен China International MICE Exchange (CIMX Beijing 2026) халықаралық көрмесіне қатысты.


Көрме барысында Visit Almaty өкілдері қытайлық туроператорлар мен іскерлік іс-шараларды ұйымдастырушыларға Алматының туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар корпоративтік сапарлар мен халықаралық кездесулер өткізуге арналған ұсыныстарын ұсынды.
Қытай – Алматы үшін туристік әлеуеті жоғары нарықтардың бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдан қалаға 136 419 турист келген. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,6%-ға артқан.
Туристік ағынның өсуіне Алматы мен Қытайдың төрт ірі қаласы – Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу және Үрімжі арасындағы тікелей әуе рейстері де ықпал етіп отыр.

Қытайдан келетін туристер санының артуымен қатар Алматының халықаралық конференциялар, корпоративтік кездесулер мен іскерлік жиындар өткізетін қала ретіндегі мүмкіндіктері де кеңейіп келеді.
Қаланың артықшылықтарының бірі – іскерлік сапарды демалыспен ұштастыру мүмкіндігі. Халықаралық іс-шараларға қатысу үшін келген қонақтар бос уақытында тау курорттарына барып, қаланың мәдениетімен, ұлттық тағамдарымен және көрікті жерлерімен таныса алады.

CIMX Beijing 2026 көрмесі аясында Visit Almaty өкілдері Қытайдың туристік нарығындағы компаниялармен бірқатар келіссөз жүргізді. Тараптар бірлескен туристік бағдарламаларды әзірлеу, Алматыны корпоративтік клиенттер арасында таныту және халықаралық іс-шараларды өткізу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін қарастырды.
Айта кетейік, CIMX Beijing 2026 халықаралық көрмесіне 41 ел мен өңірден туризм саласының 3 мыңнан астам өкілі қатысты. Іс-шара қатысушыларға өз туристік бағыттарын халықаралық кәсіби қауымдастыққа таныстыруға мүмкіндік берді.

Алматының халықаралық туристік алаңдарға қатысуы Қытайдан келетін туристер ағынын арттыруға, іскерлік туризмді дамытуға және қаланың халықаралық туристік бағыт ретіндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Келесі материал: Centras Leadership Challenge байқауында студенттер болашақ өндіріс моделін ұсынды
