Қазақстанның жоғары оқу орындары халықаралық байланыстарын кеңейтіп, шетелдік талапкерлерді елдегі білім беру бағдарламаларына тарту жұмыстарын жалғастыруда. Соның бірі — Amanzholov University. Қазіргі таңда оқу орнында 13 мемлекеттің 170 азаматы білім алып жатыр, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Шетелдік білім алушылардың 124-і жоғары және техникалық-кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша оқиды. Олардың қатарында 97 бакалавриат студенті, 4 магистрант, 3 докторант, жоғары колледждің 17 студенті және академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысатын 3 білім алушы бар.
Сонымен бірге 46 шетел азаматы университеттің негізгі білім беру бағдарламаларына түсуге дайындалып, тілдік және дайындық курстарынан өтуде.
Шетелдік студенттердің арасында Моңғолия азаматтары басым — олардың саны 63 адамды құрайды. Одан кейін Қытайдан — 28, Ресейден — 11, Әзербайжаннан — 5 және Бангладештен — 4 студент білім алуда. Университетте Қырғызстан, Өзбекстан, Ауғанстан, Палестина, Марокко, Индонезия, Түркия және Украина азаматтары да бар.
Халықаралық студенттер қатары кеңеюде

2026 жылы университеттің халықаралық студенттер қауымы Марокко, Индонезия, Бангладеш және Палестина азаматтарының қосылуымен кеңейген. Бұл Amanzholov University-дің шетелдік талапкерлермен жұмыс географиясының ұлғайып келе жатқанын көрсетеді.
Шетелдік білім алушылар педагогика, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, жаратылыстану және техникалық бағыттар бойынша білім алады. Сұраныс жоғары бағдарламалардың қатарында дене шынықтыру және спорт, педагогика, математика, шет тілдері, журналистика және ақпараттық технологиялар бар.

Study in Kazakhstan арқылы талапкерлер тартылады
Шетелдік талапкерлерді тарту бағытында Study in Kazakhstan платформасы да маңызды құрал ретінде пайдаланылуда. Университет өкілдері платформа аясындағы халықаралық білім беру көрмелеріне қатысып, қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің мүмкіндіктері мен өздерінің білім беру бағдарламаларын шетелдік талапкерлерге таныстырады.
Халықаралық ынтымақтастық тек студенттерді тартумен шектелмейді. Amanzholov University шетелдік жоғары оқу орындары мен ұйымдармен серіктестік байланыстарын да дамытып келеді. Қазіргі таңда университеттің халықаралық серіктестік желісі 33 мемлекетті қамтиды, ал қолданыстағы келісімдердің жалпы саны 200-ге жеткен. Оның 24-і 2026 жылы жасалған жаңа келісімдер.
Академиялық ұтқырлық географиясы
Серіктестік аясында бірлескен магистратура бағдарламалары, онлайн-курстар, академиялық ұтқырлық және халықаралық алмасу жобалары жүзеге асырылады. 2026 жылы университеттің 38 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысып, Польша, Румыния, Литва, Италия, Малайзия, Қытай, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан және Әзербайжанның жоғары оқу орындарында білім алуда.
Осылайша, шетелдік студенттер географиясының кеңеюі мен халықаралық серіктестік санының артуы Amanzholov University-дің білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған жұмыстарының негізгі көрсеткіштерінің бірі болып отыр.
Келесі материал: Қытай шетелге шығу және елге кіру тәртібін жаңартты
