Қытайда азаматтардың шетелге шығуы мен шетел азаматтарының елге кіруіне қатысты әкімшілік рәсімдерді реттейтін жаңа ережелер күшіне енді. Құжат 15 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Қытай Мемлекеттік кеңесінің жаңа қаулысын Премьер-министр Ли Цян бекітті. Ереже елден шығу және елге кіру рәсімдерін біріздендіруге, осы процестерге қатысатын азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ мемлекеттің егемендігі, қауіпсіздігі мен даму мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа тәртіпте шетелге шығатын Қытай азаматтарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылған. Құжатқа сәйкес, Қытайдың сыртқы істер, мәдениет және туризм салаларына жауапты мемлекеттік органдары туристік бағыттарға қатысты қауіпсіздік ескертулері мен тәуекел туралы ақпаратты уақтылы жариялап отыруы тиіс.
Сонымен қатар, көші-қон органдары шетелге шығуға және елге кіруге қажетті құжаттарды рәсімдеу кезінде, сондай-ақ шекаралық бақылаудан өту барысында азаматтарға қауіп деңгейі жоғары елдер мен өңірлерге барғанда сақтық таныту қажеттігін ескертеді.
Ереже елден шығу және елге кіру құжаттарын рәсімдеуге қойылатын талаптарды да нақтылайды. Бұдан бөлек, белгілі бір жағдайларда қолданылатын шектеу шаралары реттеліп, азаматтарға осы салада қызмет көрсететін делдал ұйымдардың жұмысына жаңа талаптар белгіленді.
14 қыркүйекте Қытайдың Ұлттық көші-қон басқармасы мен Мемлекеттік нарықты реттеу басқармасы шетелге шығу және елге кіру бойынша делдалдық қызмет көрсететін ұйымдар мен мамандарды тіркеу тәртібін жариялады. Құжатта туристік сапар, іскерлік қызмет, оқу, жұмысқа орналасу және тұрақты тұру мәселелері бойынша кеңес беру, құжаттарды рәсімдеу және тиісті рәсімдерді жүргізуге көмектесу сияқты қызметтер делдалдық қызмет ретінде қарастырылған.
Бұл тәртіп бойынша мұндай ұйымдар орналасқан жеріндегі қоғамдық қауіпсіздік органдарының көші-қон басқармасында тіркелуі тиіс. Жаңадан құрылған ұйымдар тіркелген күннен бастап 15 күн ішінде тиісті рәсімнен өтуі керек, ал ережелер күшіне енгенге дейін жұмыс істеп келген ұйымдарға тіркелу үшін 90 күндік мерзім берілген.
Қытай билігінің мәліметінше, жаңа ереже елге кіру және одан шығу рәсімдерін жүйелеумен қатар, азаматтардың шетелге сапарлары кезіндегі қауіпсіздік тәуекелдерін алдын ала бағалау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Келесі материал: Changan CS55 Plus: кроссовердің негізгі ерекшеліктері қандай?
