Қазақстанда кітап оқуға қызығушылықты арттыруға бағытталған «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасы басталды. Байқаудың қорытындысы бойынша 10 үздік оқырман анықталып, олардың әрқайсысына 10 млн теңгеден ақшалай сыйлық беріледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылды, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Жоба 1 қыркүйекте кітап оқу марафонымен басталған. Былтыр бастама үш өңірде сынақ ретінде өткізіліп, оған 190 мыңға жуық адам қатысқан. Биыл марафон еліміздің барлық өңірін қамтиды.
Қатысушылар жеті санат бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орны білім алушылары, педагогтер, үш буын өкілдері бар отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және басқа да азаматтар бар.
Саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері үшін «Parasat» арнайы бағыты қарастырылған. Жобаға қатысу тегін әрі ерікті түрде жүргізіледі.

Қатысушылар 15 шығарма оқуы тиіс
Марафон аясында отандық және әлем әдебиетінің 345 туындысынан тұратын тізім жасалған. Әр адам өзінің санатына сәйкес 15 кітапты оқып шығуы керек.
Жоба 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында марафон 195 аудан мен 87 қаланы қамтиды.
Өңірлік кезең аяқталған соң шамамен 4 мың жүлдегер анықталады. Солардың арасынан 20 өңірден 200 адам республикалық финалға өтеді.
Финалда білім мен талдау қабілеті бағаланады
Қорытынды кезеңде қатысушылар сұхбаттасудан өтіп, көпшілік алдында сөз сөйлейді. Комиссия олардың оқыған туындыларды қаншалықты меңгергенін, мазмұнын түсінуін және әдеби шығармаларға талдау жасай алу деңгейін бағалайды.
Нәтижесінде комиссия 10 үздік оқырманды таңдайды. Оларға «Жыл оқырманы» атағы беріліп, әрқайсысы 10 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болады.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 2027 жылғы 23 сәуірде — Ұлттық кітап күні Республикалық оқырмандар форумы аясында өткізіледі.
Келесі материал: Аляскада 16 аю «Ең семіз аю» атағына таласып жатыр
