Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы күнделікті қарым-қатынаста діни ұғымдардың қазақ тіліндегі қалыптасқан баламаларын қолдануға үндеді. Бұл туралы ҚМДБ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында араб сөздерінің жиі қолданылуы мәселесін көтеруіне байланысты мәлімдеді, деп жазады SteppeNews.kz.
Діни басқарманың түсіндіруінше, Құран аяттары, намазда оқылатын дұғалар мен зікірлердің араб тілінде айтылуының өзіндік мәні бар. Ал күнделікті сөйлесуде қазақ тіліндегі қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды орнымен қолданған жөн.
Мысалы, мұсылмандық дәстүрде кең тараған «ифтар» және «сухур» сөздерінің қазақ тілінде бұрыннан қолданылып келе жатқан «ауызашар» және «сәресі» деген баламалары бар. ҚМДБ өкілдері осы атауларды пайдаланудың тілдік мұраны сақтауға да ықпал ететінін атап өтті.
Сондай-ақ бес уақыт намаздың қазақша атауларын қолдану ұсынылды. Олар: «таң», «бесін», «екінті», «ақшам» және «құптан». Бұл атаулар халықтың діни өмірінде қалыптасқан әрі күнделікті әңгімеде, уағыздар мен намаз кестелерінде қолданылады.
Бұдан бөлек, діни ортада адамдардың бір-біріне «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат», «сестра» деп тіл қатуы да сөз болды. Діни басқарма мұндай жағдайда қазақ тіліндегі «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» сөздерін қолдануды құптайды.
«Кейбір азаматтардың өзара «ахи», «ухти», «абла», «аби», «брат» және «сестра» деп тілдесуі жиі кездеседі. Біздің пікірімізше, мұндайда өз тіліміздегі «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деген сөздерді қолданған абзал. Бұл сөздер жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, халқымыздың үлкенге ізет, кішіге қамқорлық танытатын сыйластық дәстүрін де сақтайды», – деді ҚМДБ өкілдері.
ҚМДБ пікірінше, ана тіліндегі бұл атаулар жақындық пен құрметті білдіріп қана қоймай, қазақ халқының үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсету дәстүрін де жалғастырады.
Келесі материал: Түркияға тоғыз айда 49,1 млн турист келіп, туризм табысы 51,2 млрд долларға жетті
