ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары мен саланың өзекті мәселелері талқыланды. Жиынға жауапты министрліктердің, «Атамекен» ҰКП, «Даму» қоры және отандық кәсіпорындардың өкілдері қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.
Кеңес барысында Жеңіл өнеркәсіпті дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының негізгі бағыттары таныстырылды. Өнеркәсіп вице-министрі Олжас Сапарбековтің айтуынша, құжат заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік сатып алу жүйесін жаңғырту, «көлеңкелі» импортпен күрес, инвестиция тарту, отандық брендтерді дамыту және кадр даярлау бағытындағы 28 іс-шараны қамтиды.
Орта мерзімді міндеттер өндірушілерді шикізатпен қамтамасыз етуге, өткізу нарығын кеңейтуге және мемлекеттік сатып алу кезінде тең бәсекелестік жағдай қалыптастыруға бағытталған. Ал ұзақ мерзімді кезеңде өндірісті жергіліктендіру мен нарықтың ашықтығын арттыруға басымдық беріледі. Осы мақсатта «виртуалды қойма» тетігі мен электрондық шот-фактура арқылы шикізат пен дайын өнімнің қозғалысын толық қадағалау жүйесін енгізу көзделіп отыр.
Жоспар аясында өндіріс көлемін ұлғайту, жұмыс орындарын ашу, жергіліктендіру деңгейін көтеру және қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша кәсіпорындардың міндеттемелерін қамтитын арнайы келісімдер енгізу ұсынылды. Өз кезегінде мұндай кәсіпорындарға жеңілдетілген қаржыландыру, жабдықтарды лизингке беру, арнайы инвестициялық келісімшарттар және ұзақ мерзімді сатып алу шарттары арқылы мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, еліміздегі отандық өндірушілердің басым бөлігі жеңіл өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Қазіргі уақытта отандық өнімге негізгі сұранысты мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қалыптастырып отыр. Соған қарамастан, импорттың үлесі әлі де жоғары, бұл салада ішкі өндірісті одан әрі дамытуға мүмкіндік мол екенін көрсетеді.
Мемлекет отандық өндірушілерді қолдау жұмыстарын жалғастыруда. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, сауда орындарында қазақстандық тауарларға кемінде 30 пайыз, ал мемлекеттік қолдау көрсетілетін сауда желілерінде кемінде 50 пайыз сөре кеңістігі бөлінуі тиіс. Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстанда жасалған» брендімен шығарылатын өнімдерді қолдау мен ілгерілетуге арналған кешенді бағдарламаны әзірлеуде.
Жиында «Атамекен» ҰКП мен «Даму» қоры жеңіл өнеркәсіпке ерекше назар аудара отырып, Ulttyq Ónim отандық өндірушілерінің X көрмесін өткізуді ұсынды. Бағдарлама аясында салалық пленарлық отырыстар, маркетплейстер мен бөлшек сауда арқылы өнім өткізуді дамытуға арналған дөңгелек үстелдер, шеберлік сабақтары, экспорт және логистика бойынша консультациялар, сондай-ақ Fashion Day және «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің үздік бренді» байқауын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Кездесу барысында сала өкілдері мемлекеттік сатып алу талаптарын жетілдіру, сертификаттау құнын төмендету, ұзақ мерзімді келісімшарттардың санын арттыру және мектеп формасын шығару мәселелерін көтерді. Кеңес қорытындысында салалық мемлекеттік органдарға кәсіпкерлердің ұсыныстарын зерделеп, өнім сапасына қойылатын талаптар мен мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру тапсырылды.
Жиынды қорытындылаған Серік Жұманғарин жеңіл өнеркәсіпті дамыту жаңа жұмыс орындарын ашу мен отандық өндірісті күшейту үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Кешенді жоспар өршіл міндет қойып отыр. 2030 жылға қарай шикізатты қайта өңдеу көлемін 1,5-2 есе арттыру, 40 мыңға жуық жұмыс орнын ашу және 35 инвестициялық жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Мемлекет жергіліктендіруді арттыратын және өндірісті дамытатын кәсіпорындарды қолдауға дайын. Бұл ретте Кешенді жоспар икемді құжат болып қала береді, қажет болған жағдайда, оны жүзеге асыру тәжірибесі ескеріле отырып, пысықталады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
