8 қазанда Алматыда HONOR X9e Pro смартфонының тұсаукесері өтті. Құрылғының беріктігін көрсету үшін қонақтарға онымен жаңғақ шағып, балғамен ұрып, ыстық суға салып көруге мүмкіндік берілді. SteppeNews.kz тілшісі де сынақ аймағына барып, смартфонның төзімділігін өз тәжірибесінде тексерді.

Смартфон беріктігін сынақтан өткізді
Көп жағдайда смартфонның мүмкіндіктері камерасының сапасы, аккумулятор сыйымдылығы мен процессор қуаты арқылы бағаланады. Алайда күнделікті қолданыста құрылғының құлап кетуге және су әсеріне төзімділігі де маңызды. HONOR X9e Pro тұсаукесерінде компания осы ерекшеліктерді іс жүзінде көрсетуге басымдық берді.
Шараның арнайы аймақтарында қонақтар смартфонмен жаңғақ шағып, оны балғамен ұрып, ыстық суға салып көре алды. Мұндай сынақтар құрылғының беріктігі туралы мәлімдемелерді тәжірибе жүзінде бағалауға мүмкіндік берді.

SteppeNews.kz тілшісі де сынаққа қатысып, алдымен смартфонмен жаңғақ шағып көрді. Бастапқыда құрылғыны ұруға жүрексінгені байқалды. Себебі соққыдан кейін экранның сынуы немесе корпустың зақымдануы мүмкін еді. Дегенмен бірнеше рет күш салып көргеннен кейін смартфонда көзге көрінетін зақым байқалмады.
Келесі сынақта тілші құрылғыны ыстық суға салды. Бұл жолы да смартфонның зақымдану қаупіне байланысты күмән болғанымен, сынақтан кейін оның жұмысында ақау байқалмады.


Осылайша, компания ұсынған сынақ аймағы смартфонның беріктігін тек таныстырылымнан көріп қана қоймай, өз қолымен тексеруге мүмкіндік берді. Дегенмен мұндай демонстрация құрылғының кез келген жағдайда зақымданбайтынына кепілдік бермейді. Нақты нәтиже құлау биіктігіне, соққының сипатына және пайдалану жағдайларына байланысты.
«Dare to be different»: технологиялық шекарадан шығу
HONOR компаниясының аймақтық директоры Джефф Линь тұсаукесерде Dare to be different — «Өзгеше болуға батылдық таныт» философиясына тоқталды. Оның айтуынша, смартфондар нарығындағы басты мәселелердің бірі — жаңа модельдердің тұтынушыларға бұрынғыдан түбегейлі өзгеше тәжірибе ұсына алмауы.

«Бүгінде мобильді телефондардың жаңартулары өздерінің айқын бағыты мен ерекшелігін жоғалтқандай көрінеді. Адамдар смартфондарда аса көп инновация жоқ деп ойлауы мүмкін», — деді Джефф Линь.
Компания бұл мәселені өнім санаттарын кеңейту және жаңа технологиялық шешімдер әзірлеу арқылы шешуге тырысады. Соның бір мысалы — HONOR Robot Phone жобасы. Джефф Линь таныстырылымда смартфон мен гимбалдың мүмкіндіктерін біріктіретін бұл құрылғыны компанияның қалыптасқан индустриялық шекаралардан шығуға ұмтылысының көрінісі ретінде атады.
«Біз смартфондар индустриясының шеңберінен шығып, робототехника бағытын дамытып жатырмыз. HONOR Robot Phone гимбал мен смартфонды біріктіріп, мобильді фотографияның мүмкіндіктерін өзгертеді. Біздің зерттеу және әзірлеу орталығымыз саланың қалыптасқан шекараларын кеңейтіп келеді. Бұл — Dare to be different философиясының мәні», — делді компания өкілі өз сөзінде.

Джефф Линь Қазақстан нарығындағы жұмыстың да компания үшін маңызды екенін атап өтті. HONOR елде бесінші жыл жұмыс істеп келеді. Осы кезеңде бренд жергілікті серіктестермен, медиа өкілдерімен және блогерлермен бірлесіп дамыған.
«Болашақта біз Қазақстан нарығына тереңірек еніп, жергілікті мәдениетпен тығыз байланыс орнатқымыз келеді. Әрине, қиындықтар мен кедергілер болады. Бірақ серіктестерімізбен бірге тұтынушыларға бұдан да жақсы өнімдер мен тәжірибе ұсына аламыз деп сенемін», — деді ол.
HONOR серіктестеріне арнайы марапат табысталды

Компанияның Қазақстандағы бес жылдық қызметіне орай тұсаукесерде серіктестерді марапаттау рәсімі де өтті.
Venter, Мечта, Технодом, Sulpak, Evrika, Beeline, Tele2 және Kaspi өкілдеріне Partnership Award for Driving Success Together марапаты табысталды. Оның атауы қазақша «Бірлескен табысқа жетуге үлес қосқан серіктестік марапаты» деген мағынаны білдіреді.

Марапат HONOR брендімен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатып, компанияның Қазақстан нарығындағы дамуына үлес қосқан серіктестерге берілді.
HONOR X9e Pro: үш метрден құлауға төзімділік және 11 000 мА·сағ аккумулятор

HONOR X9e Pro смартфонының негізгі ерекшеліктерінің бірі — соққы күшін корпус бойына таратуға арналған қорғаныс конструкциясы. Өндірушінің мәліметінше, құрылғының ортаңғы жақтауына орнатылған арнайы құрылым құлау кезінде пайда болатын күшті бәсеңдетіп, оның негізгі компоненттерге түсетін әсерін азайтуға көмектеседі.
Компания смартфонның үш метрге дейінгі биіктіктен құлауға төтеп бере алатынын мәлімдейді. Құрылғы әртүрлі бұрышпен құлау және күрделі беткейлерге түсу жағдайларында сыналған. Сондай-ақ HONOR X9e Pro соққыға төзімділігі үшін SGS Premium Performance 5-Star рейтингіне ие болған.
Смартфон IP69K стандарты бойынша судан қорғаныспен жабдықталған. Компанияның мәліметінше, құрылғы 10 метрге дейінгі тереңдікте суға батыруды қамтитын бақыланатын зертханалық сынақтардан өткен. Су астында фото және видео түсіруге арналған арнайы режим де қарастырылған.

Құрылғының аккумулятор сыйымдылығы — 11 000 мА·сағ. Яғни смартфонның қуаты үш күнге дейін жетеді. Модель 80 Вт HONOR SuperCharge жылдам қуаттау технологиясын және 27 Вт сымды кері зарядтауды қолдайды. Бұл функция HONOR X9e Pro ұялы телефонына өзге құрылғыларды қуаттауға мүмкіндік береді.
Камера жүйесінде 108 мегапиксельді негізгі модуль бар. OIS және EIS тұрақтандыру технологиялары қозғалыс кезінде түсірілімнің дірілін азайтуға бағытталған. Сонымен қатар смартфонда түнгі түсірілімді жақсарту, алыстағы нысандардың бөлшектерін айқындау және портреттерді өңдеу функциялары бар.

AI Image to Video құралы фотосуретті қысқа видеоға айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл функция әлеуметтік желілерге арналған контент әзірлеуде қолданылуы мүмкін.
HONOR X9e Pro дисплейінің диагоналі — 6,8 дюйм. Экранның ажыратымдылығы 1.5K, жаңарту жиілігі 120 Гц-ке дейін, ал ең жоғары жарықтығы 10 000 нитке жетеді. Мұндай көрсеткіш күн сәулесі тікелей түсетін ортада экрандағы ақпаратты анық көруге көмектеседі. Қараңғы жағдайда пайдалануға арналған төмен жарықтық режимі де бар.
Смартфон Qualcomm Snapdragon 6 Gen 5 мобильді платформасымен жабдықталған. Ол күнделікті байланыс, контент түсіру және бірнеше тапсырманы қатар орындауға арналған.
HONOR құрылғылар арасындағы байланысты дамытуда
Тұсаукесер барысында HONOR Kazakhstan компаниясының электрондық коммерция бөлімінің басшысы Павел Хегай компанияның құрылғылар экожүйесін дамыту жоспары туралы айтты.
Оның сөзінше, HONOR өнімдер қатарына смартфондар, ноутбуктер, планшеттер, тағылатын құрылғылар және шағын тұрмыстық техника кіреді. Келесі жылдан бастап ірі тұрмыстық техника санатын қосу жоспарланып отыр.

Павел Хегай экожүйе бірнеше құрылғының бір брендпен шығарылуымен ғана шектелмейтінін атап өтті. Негізгі мақсат — құрылғылардың өзара байланысып, ақпарат алмасуы және бірлесіп жұмыс істеуі.
«Бұрын бір құрылғы — бір міндет қағидасы басым болды. Телефон байланысқа, сағат пульсті өлшеуге, ноутбук жұмыс істеуге, ал планшет оқуға арналған. Қазір біз HONOR экожүйесін құрдық. Бүгінде барлық құрылғы бір-бірін “таниды”», — деді ол.
Спикер экожүйенің төрт деңгейін атады: құрылғылар мен олардың сенсорлары, MagicOS операциялық жүйесі, құрылғылар арасында дерек алмасуға арналған Honor Connect Magic Ring жүйесі және AHI деп аталатын жасанды интеллект логикасы.
AHI — Augmented Human Intelligence, яғни адамның мүмкіндіктерін толықтыруға бағытталған интеллект тұжырымдамасы. Компания оны ақпаратты өңдеу мен шешім қабылдау үдерісін жақсартуға бағытталған технологиялық шешім ретінде қарастырады.
Бағасы және сатылымы

HONOR X9e Pro смартфонының Қазақстандағы сатылымы 2026 жылғы 9 қазанда басталды. Құрылғы үш нұсқада ұсынылады:
6/256 ГБ — 279 990 теңге;
8/256 ГБ — 299 990 теңге;
8/512 ГБ — 339 990 теңге.
Арнайы ұсыныс аясында смартфон сатып алғандарға HONOR CHOICE Headphones Lite құлаққаптары сыйға беріледі. Trade-in бағдарламасы бойынша ескі құрылғыны айырбастау кезінде 40 000 теңгеге дейінгі тиімділік қарастырылған.
Смартфон күлгін, терракота, алтын және графит түстерінде қолжетімді. Оны Kaspi.kz платформасындағы HONOR Authorized Store дүкенінен, сондай-ақ Mechta, Sulpak, Technodom және Evrika сауда желілерінен сатып алуға болады.

Тұсаукесерде көрсетілген сынақтар құрылғының беріктігін іс жүзінде бағалауға мүмкіндік берді. Ал 11 000 мА·сағ аккумулятор, 108 мегапиксельді камера және 120 Гц-ке дейінгі дисплей смартфонның негізгі техникалық ерекшеліктерін құрайды. Оның күнделікті қолданыстағы тиімділігі пайдаланушының қажеттілігіне және құрылғыны пайдалану жағдайына байланысты. Honor X9e Pro 9 қазаннан бастап сатылымда.
Қазтай Айгерім Бейбітқызы

