Астанада кәсіби хореографиялық оқу орындарының «Temps lié» IV халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Биылғы шара Қазақ ұлттық хореография академиясының құрылғанына 10 жыл толуына арналды деп жазады, SteppeNews.kz.
Фестивальге шетелдік жетекші балет мектептерінің өкілдері, өнер қайраткерлері мен жас бишілер қатысты.
Фестивальдің алғашқы күні Astana Ballet театрының сахнасында «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балеті ұсынылды. Қойылымның идеясын XX ғасырдың басында Мариус Петипа ұсынған. Спектакль Академияның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратованың бастамасымен, хореограф Василий Медведевтің қатысуымен қайта сахналанды. Қойылымға академияның 130-ға жуық білім алушысы қатысты.


Фестивальдің екінші күні шетелдік қонақтардың қатысуымен баспасөз конференциясы мен гала-концерт өтті. Қазақстан, Қытай, Ресей, Бразилия, Мажарстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қырғызстаннан келген жас әртістер классикалық балет қойылымдарынан үзінділер орындап, халық билері мен заманауи хореография үлгілерін көрсетті.
Мерекелік бағдарлама Қазақ ұлттық хореография академиясының 10 жылдығына арналған «Академия түлектерінің жұлдызды жолы» гала-концертімен қорытындыланды. Кешке қазіргі уақытта «Астана Опера», Astana Ballet театрларында және «Гүлдер» ансамблінде өнер көрсетіп жүрген академия түлектері қатысты.

Концерт барысында «Щелкунчик», «Жизель», «Дон Кихот» және «Кармен» балеттерінен үзінділер, сондай-ақ ұлттық және заманауи би қойылымдары көрермендерге ұсынылды.
«Temps lié» фестивалі халықаралық хореографиялық оқу орындары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және жас әртістердің кәсіби шеберлігін көрсетуге бағытталды.

