Қытай зерттеушілері 2028 жылдың соңына дейін Марстың жаңа буындағы геологиялық картасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Жоба Қызыл ғаламшардың суға байланысты өткенін зерттеп, Марстың геологиялық уақытын жіктеудің қытайлық жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Бұл туралы Қытай Ғылым академиясының академигі, «Тяньвэнь-3» миссиясының бас ғылыми қызметкері Хоу Цзэнцянь Қытай Геологиялық ғылымдар академиясының Геология институтында өткен симпозиумда мәлімдеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz «Синьхуаға» сілтеме жасап.
Жаңа картаға «Тяньвэнь-1» миссиясы барысында алынған деректермен қатар, NASA мен Еуропалық ғарыш агенттігінің Марсты зерттейтін аппараттарынан жиналған ақпараттар да енгізіледі. Ғалымдар орбиталық және жерүсті зерттеулердің нәтижелерін біріктіріп, ғаламшардың әртүрлі физикалық көрсеткіштерін қамтитын жаһандық деректер базасын құруды көздеп отыр.
Марстың су тарихы зерттеледі
2021 жылы Марсқа сәтті қонған Қытайдың «Чжужун» марсоходы ғаламшардың су тарихына қатысты жаңа мәліметтер жинаған. Ғалымдардың бағалауынша, шамамен 3,5 миллиард жыл бұрын Марс бетінде кең көлемді мұхит болған. Ал 1,6 миллиард жыл бұрын ғаламшарда қысқа мерзімді су тасқындары болуы мүмкін.
Бұл деректер Марстың ежелгі климаты мен оның эволюциясын зерттеудегі маңызды мәліметтердің қатарында. Жаңа геологиялық картада аталған зерттеу нәтижелері де ескеріледі.
Қытай ғалымдары карта негізінде Марстың геологиялық уақытын жіктеудің ұлттық жүйесін қалыптастыруды жоспарлап отыр. Хоу Цзэнцянь бұл жүйе болашақта халықаралық ғылыми қауымдастық арасында ортақ тәсілге айналады деген мақсат бар екенін атап өтті.
Карта жасауға жасанды интеллект тартылады
Жобаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – жасанды интеллект технологияларын пайдалану. Ғалымдар геологиялық зерттеулерден алынған ауқымды ақпаратты талдау үшін AI жүйелерін қолданбақ.
Жоба аясында геологтардың сараптамалық білімі арнайы ережелер жүйесі арқылы үлкен модельдерге енгізіледі. Бұл алынған нәтижелерді түсіндіру мүмкіндігін арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар көпмасштабты талдау әдістері арқылы ғалымдар Марстағы жергілікті минералдарды анықтаудан бастап тектоникалық құрылымдарды жіктеуге дейінгі процестерді кезең-кезеңімен зерттемек.
Жоспар бойынша, 2028 жылдың соңына қарай жобаның бірнеше нәтижесі ұсынылады. Олардың қатарында Марстың 1:5 миллион масштабтағы жаһандық геологиялық картасы, қону аймағының 1:50 мың масштабтағы картасы және тақырыптық атластар сериясы бар.
Сондай-ақ жоба аясында әлемдегі алғашқы интеллектуалды геологиялық карта әзірленбек. Қытай ғалымдары оны кейін Ай, Шолпан және астероидтарды геологиялық картаға түсіру жұмыстарына үлгі ретінде пайдалануды жоспарлап отыр.
Қытай Геологиялық ғылымдар академиясының Геология институты геологиялық картографиямен 70 жылдан бері айналысып келеді. Бұған дейін институт мамандары аймақтық және ұлттық аумақтардың карталарын, сондай-ақ Айдың геологиялық карталарын әзірлеген.
Институт директоры Ян Чжиминнің айтуынша, мұндай зерттеулер Қытайдың планеталарды зерттеу бағдарламасы үшін ғылыми шешімдер қабылдауға негіз болады. Атап айтқанда, зерттеушілер қай нысандарға бару, нені зерттеу және мұндай зерттеулердің мақсаты қандай болуы керектігін анықтауда геологиялық картография нәтижелерін пайдаланады.
Келесі материал: Доллардағы депозиттер 2,5%-бен: теңге бағамы не болады және жинақ валютасын ауыстыру керек пе?
