Қытай алғаш рет көп рет пайдаланылатын зымыранын Жерге сәтті қондырды, деп хабарлайды SteppeNews.kz NUR.KZ-ке сілтеме жасап.
Қытай ұлттық ғарыш бағдарламасы аясында маңызды жетістікке қол жеткізді. Ел алғаш рет Long March 10B көп рет пайдаланылатын зымыран-тасығышын сәтті қондырды.
Қытайдың Аэроғарыш ғылымы және техникасы корпорациясының (CASC) мәліметінше, Long March 10B зымыраны Хайнань аралындағы ғарыш айлағынан ұшырылған. Ұшырылғаннан кейін шамамен алты минут өткен соң жоғарғы сатыдан бөлінген үдеткіш тік қонып, теңіздегі қалқымалы платформаға сәтті жеткізілді.
Бұл жетістік Қытайдың әлемдік ғарыш саласындағы бәсекелестік мүмкіндігін арттыруы мүмкін. Көп рет пайдаланылатын зымыран технологиясы ғарышқа ұшыру құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда бұл бағытта АҚШ-тың SpaceX және Blue Origin компаниялары көш бастап келеді.
Бұған дейін зымырандардың көпшілігі бір рет қана пайдаланылатын. Ұшу кезінде олардың сатылары бөлініп, атмосферада жанып кететін немесе мұхитқа құлайтындықтан, ғарыштық ұшырылымдардың құны өте жоғары болатын.
Ал көп рет пайдаланылатын бірінші сатыны қайта қолдану арқылы ұшыру шығындарын едәуір қысқартуға болады. SpaceX мұндай технологияны алғаш рет 2015 жылы Falcon 9 зымыраны арқылы сәтті сынаған еді. Кейін Blue Origin компаниясы да 2025 жылы New Glenn зымыранын сәтті қондырды.
Қытай осы жылдың ақпан айында Long March 10A зымыранымен алғашқы сынақ өткізген болатын. Алайда ол кезде зымыран тек басқарылатын түрде суға қондырылып, толыққанды қону жүзеге аспаған еді.
Сарапшылардың пікірінше, төменгі Жер орбитасына кемінде 16 тонна жүк шығара алатын Long March 10B мүмкіндігі жағынан Falcon 9 зымыранына ұқсайды. Дегенмен қону технологиясында айырмашылық бар. Falcon 9 арнайы алаңға немесе теңіз платформасына өз қозғалтқышының көмегімен тік қонса, Long March 10B қалқымалы платформаның үстіне тартылған арнайы торға ілінетін ілгектер арқылы қонады.
Сәтті сынақтан кейін Қытайдың ғарыш саласындағы бірқатар компанияларының акциялары айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, China Spacesat пен China Satellite Communications компанияларының бағалы қағаздары бір күн ішінде 10 пайызға қымбаттады.
