Қазақстанда туризм біртіндеп демалыс индустриясынан экономиканың маңызды секторларының біріне айналып келеді. Соңғы екі жылдағы инвестиция көлемі, шетелдік және ішкі туристер санының өсуі, жаңа қонақүйлер мен әуежайлардың салынуы бұл саланың ел экономикасындағы рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында туристік әлеуетті толық пайдалануды, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруды және туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуды негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіледі. Осы бағытта Үкімет курорттық аймақтарды дамытуға, жеке инвестиция тартуға және туристік нысандардың көлік қолжетімділігін арттыруға басымдық беріп отыр.
Туризмге құйылған инвестиция 2,2 трлн теңгеден асты
Соңғы жылдардағы басты өзгерістің бірі – салаға жеке капиталдың белсенді келе бастауы.
2023 жылы туризмге салынған капитал көлемі 787,3 млрд теңге болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 947,5 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысында инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгені құрады. Осылайша, 2024–2025 жылдары Қазақстанның туристік саласына жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Екі жылдағы өсім шамамен 60%-ға жетті.

Қазір елімізде жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңге болатын 328 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалар толық іске қосылған жағдайда шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, халықаралық деңгейдегі 25 қонақүй кешені пайда болады.
Олардың қатарында Hilton және Mandarin Oriental секілді халықаралық қонақүй желілерінің жобалары бар. Сонымен бірге Алматы облысындағы «Ой-Қарағай» тау курортын кеңейту жоспарланып отыр. Тағы 11 өңірде әлемдік деңгейдегі 24 қонақүй салу мәселесі қарастырылуда.
Инвестицияның артуымен қатар орналастыру орындарының саны да көбейген. 2023 жылы елімізде 3992 орналастыру нысаны болса, 2025 жылы олардың саны 4482-ге жетті. 2026 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш 4,5 мыңнан асты.
Бұл нысандар көрсеткен қызметтердің көлемі де өскен. 2023 жылғы 229 млрд теңгеден 2025 жылы 350,6 млрд теңгеге дейін артты. 2026 жылдың алғашқы тоқсанында көрсеткіш 69,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13,9%-ға жоғары болды.
Қазақстанға келетін туристер саны артып келеді
Инвестицияның өсуімен қатар Қазақстанның туристік тартымдылығы да күшейіп келеді.
2023 жылы елге 9,2 млн шетел азаматы келген болса, 2025 жылы олардың саны 15,7 млн-ға жетті. Оның 11,1 миллионы турист ретінде тіркелген. Шетелдік қонақтардың Қазақстан аумағында жұмсаған қаражаты 2,9 млрд долларды құрады.

Шетелдіктерді орналастыру орындарында қабылдау көрсеткіші де тұрақты өскен. 2023 жылы қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындары 1 млн шетел азаматына қызмет көрсетсе, 2024 жылы бұл сан 1,29 млн-ға, 2025 жылы 1,43 млн адамға жетті.
Өңірлер арасында туристік ағынның ең жоғары өсімі Алматыда, Жетісу және Қызылорда облыстарында тіркелді.
Қазақстан үшін Қытай нарығының да маңызы артып отыр. 2025 жылдың қорытындысында Қытайдан келген азаматтар саны 46,8%-ға өсіп, 960 мыңнан асты. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанға шамамен 7 млн шетелдік турист келген. Негізгі туристік ағын Өзбекстаннан – 2,5 млн, Қырғызстаннан – 1,6 млн және Ресейден – 1,5 млн адамды құрады.
Ішкі туризм де жаңа деңгейге көтерілді
Туризмді дамыту тек шетелдік саяхатшыларды тартумен шектелмейді. Қазақстандықтардың ел ішінде саяхаттауға деген қызығушылығы да артып келеді.
2023 жылы ішкі туристік сапарлар саны 7,1 млн адам болса, 2024 жылы 7,8 млн-ға, 2025 жылы 8,7 млн адамға жетті. Бір жылдағы өсім 10,7%-ды құрады.
2026 жылдың алғашқы тоқсанында орналастыру орындары 1,965 млн адамға қызмет көрсетті. Оның 802 мыңнан астамы негізгі туристік аймақтарды таңдаған.
Ең көп турист Алматы тау кластеріне барған – 509,3 мың адам. Одан кейін Щучинск–Бурабай курорттық аймағы – 116,7 мың, Маңғыстау – 53,3 мың, Түркістан – 39,4 мың және Алтай өңірі – 30,3 мың адамды қабылдады.
Бұл көрсеткіштер туристік сұраныстың Қазақстанның бірнеше дәстүрлі бағытымен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Тау, көл, теңіз жағалауы, тарихи және табиғи нысандардың барлығы біртіндеп бірыңғай туристік жүйеге біріктіріліп жатыр.
Турист баратын жерге жетуі де маңызды
Туризмнің дамуы қонақүй немесе демалыс орнының санымен ғана өлшенбейді. Турист үшін баратын жерге қаншалықты оңай жетуге болатыны да шешуші фактор.
Осыған байланысты Үкімет көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отыр. 2026 жылы жалпы қолданыстағы 11 мың шақырым автомобиль жолында жол жұмыстары жүргізілді. Рахман қайнарлары, Кендірлі, Баянауыл, Зеренді, Көлсай сияқты туристік бағыттарға апаратын жолдарда құрылыс және жөндеу жұмыстары атқарылды.
Авиация саласында Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде туристік әуежайлар салынуда. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп, Балқаш әуежайы қайта жұмысын бастады. Үржардағы әуежай терминалы жаңғыртылып жатыр.
Жазғы маусымда Алакөл, Балқаш, Түркістан, Бурабай және Каспий жағалауына аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылды.
Теміржол бағыттары да кеңейтілді. Жазғы кезеңде сұранысты қамтамасыз ету үшін 15 қосымша бағыт іске қосылып, оның 10-ы Алакөлге қатынайтын пойыздарға тиесілі болды. Бұл шаралар нәтижесінде 400 мыңнан астам қосымша жолаушы орны ұсынылды.
Алматы тау кластері туристік орталыққа айналуы мүмкін
Қазақстанның туристік стратегиясында Алматы тау кластеріне ерекше мән беріліп отыр.
2026–2029 жылдарға арналған курорттық аймақтарды дамыту жол картасы аясында Алматы тау кластерінің инфрақұрылымын біріктіру жоспарланған. Жоба бойынша 30 аспалы жол және 161 шақырым тау шаңғысы трассасын салу көзделеді.
Ұзақ мерзімді мақсат – Алматы тау кластерінің жылына 5 млн турист қабылдау мүмкіндігіне жетуі.
Бұл жоба Алматы маңындағы тау курорттарын жеке-жеке демалыс орындары ретінде емес, өзара байланысқан туристік кластер ретінде дамытуға бағытталған.
Ұлттық парктерге қызығушылық артып келеді
Қазақстанның туристік әлеуеті тек курорттар мен қонақүйлермен шектелмейді. Соңғы жылдары экотуризм, этнотуризм, автотуризм, атпен саяхаттау және агротуризм сияқты бағыттарға сұраныс артып отыр.
Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерге келушілер саны 2023 жылғы 2,4 млн адамнан 2025 жылы 3,7 млн адамға дейін өсті. 2026 жылдың алғашқы жартысында ұлттық парктерге 1,7 млн адам барған.

Қазір қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ жұмыс істейді. Ал 2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар үшін ұлттық табиғи парктерге кіру тегін болды. Бұл отбасылық туризмді ынталандыруға бағытталған шаралардың бірі.
Мемлекеттік қолдау туристік бизнестің шығынын азайтуға бағытталған
Саладағы өсім тек инвестиция көлемімен өлшенбейді. Туристік бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін бірқатар қолдау тетігі іске қосылып жатыр.
Үкімет Туризмді дамыту мәселелері бойынша үйлестіру кеңесін құрды. Туристік автобустар үшін шекарада және туристік бағыттарда арнайы «жасыл дәліз» енгізілді. Сонымен қатар визит-орталықтардың құқықтық мәртебесі бекітіліп, гидтер, экскурсоводтар мен туристік нұсқаушылардың қызметін реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Шетелдік туристерді тартатын туроператорларға әр турист үшін 15 мың теңге көлемінде тікелей субсидия қарастырылған. Бұдан бөлек, көлік сатып алуға кеткен шығындарды өтеу, балалардың әуе билеттерін субсидиялау, жол бойындағы сервис нысандары мен санитариялық тораптар құрылысына кеткен шығындарды өтеу, тау шаңғысы курорттарына қажетті техника сатып алуды қолдау шаралары бар.
Туризм енді экономиканың қосымша бағыты емес
2025 жылдың қорытындысында туризмнің Қазақстан экономикасына қосқан жиынтық үлесі 5 трлн теңгеге жетті. Салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Бұл цифрлар Қазақстанда туризмнің біртіндеп жеке сервистік бағыттан экономикалық өсімнің маңызды факторына айналып келе жатқанын көрсетеді.
Алдағы міндет – туристер санын көбейтумен қатар, олардың елде көбірек уақыт өткізуіне, өңірлерге баруына және жергілікті экономикаға көбірек қаражат қалдыруына жағдай жасау. Бұл үшін көлік қолжетімділігі, қонақүй инфрақұрылымы, сервис сапасы, кадр даярлау және туристік өнімді халықаралық нарықта ілгерілету қатар жүруі керек.
Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің орындалуы осы бағыттардың қаншалықты жүйелі жүзеге асатынына байланысты. Ал соңғы екі жылдағы 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция Қазақстанның туризмді ұзақ мерзімді экономикалық басымдықтардың бірі ретінде қарастыра бастағанын аңғартады.
Келесі материал: Changan UNI-S Қазақстан нарығына шықты: кроссовердің сипаттамалары
