Орталық Азияның энергетикалық қауіпсіздігі қарқынды түрде жаңа бағытқа бет бұрып келеді: электр энергиясының жаппай өшуі мен дәстүрлі желілердің тозуы Қазақстанды сенімді баламаларды іздеуге мәжбүр етуде. Қазіргі сын-қатерлерге жауаптың бірі – жаңартылатын энергетиканың қарқынды дамуы. Бұл бағытта күн энергетикасы технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшы Қытаймен стратегиялық серіктестік маңызды рөл атқарады, деп жазады SteppeNews.kz.
Жаңа буын энергиясы: Қазақстан мен Қытайдың жасыл энергетикадағы бағыты
Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі дәстүрлі электр желілері шарықтау жүктемесі мен қуат тапшылығына жиі тап болып отыр. Бұған ең ірі жазғы электр энергиясының жаппай өшуі анық мысал болды. Бұл жағдайдан шығудың бір жолы – жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) ауқымды түрде қайта бағдарлану.

Айта кетерлігі, мемлекет деңгейінде Қазақстан мен Қытайдың осы саладағы ынтымақтастығы нақты кезеңге өтіп, оны ресми келісімдер мен маңызды көрсеткіштер бекітіп отыр.
Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен салалық есептерге сәйкес, елдің жаңартылатын энергетика әлеуеті өте жоғары: Қазақстан аумағындағы орташа күн радиациясы жылына бір шаршы метрге 1300-ден 1800 кВт/сағатқа дейін жетеді.
Осы тұрғыда Қытаймен технологиялық және қаржылық серіктестіктің маңызы артып отыр.

«2030 жылға қарай ЖЭК үлесін 15 пайызға дейін арттыру – Қазақстанның стратегиялық мақсаты. Біз бұл бағытта дұрыс жолмен келе жатырмыз», – дейді «Qazaq Green» ЖЭК қауымдастығының атқарушы директоры Тимур Шалабаев.
Идеядан іске дейін: Solarway Elcomtel компаниясының тәжірибесі
Жергілікті жерде бұл үрдісті тиімді жеткізу тізбегін қалыптастырған отандық компаниялар жүзеге асырып келеді. Қазақстандық Solarway Elcomtel компаниясы нарықта 2018 жылдан бері жұмыс істейді және бүгінде 1000-нан астам жобаны іске асырған. Италия мен АҚШ өндірушілерімен ынтымақтастықты сынап көрген компания кейін Қытайлық серіктестермен жұмыс істеуді саналы түрде таңдаған.

«Қытай тарапының ынтымақтастығы өте жақсы жүріп жатыр. Біріншіден, олар бізге күн панельдерін қолжетімді бағамен жеткізеді. Екіншіден, технология бойынша олар қазір сөзсіз көшбасшылардың қатарында – тіпті күн станциялары бойынша Еуропа Қытайдан қалып келеді. Мысалы, LONGi компаниясы Hi-MO X10 сериялы панельдерді шығарады. Егер мұндай панельге көлеңке түссе, ол өшіп қалмай, энергия өндіруді жалғастыра береді. Ал бұрын көлеңке түскен кезде модульдердің бүкіл тобы өшіп қалатын», – дейді SolarWay Elcomtel жобаларының менеджері Равиль Гришанин.
Сарапшының айтуынша, өндіріс процестерін жергіліктендіру де қарқын алып келеді. Көмекші металл конструкциялар мен бекіту элементтері, соның ішінде бекітуге арналған үшбұрыштар, Қазақстанның ішінде, атап айтқанда, қарағандылық «Профон» компаниясында өндіріледі. Ал жоғары технологиялық инверторлар, күн кабельдері мен фотоэлементтердің өзі Қытайдан жеткізіледі.

Мұндай серіктестіктің тиімділігін нақты сектор да бағалап отыр. Бұған Алматыдағы «Insan» сауда-логистикалық кешенінің шатырына орнатылған қуаты 123 кВт желілік күн станциясы мысал бола алады.
«Бұл станция күндізгі уақытта нысанның ағымдағы қажеттілігін толық жабады және тапсырыс берушінің шығындарын айтарлықтай азайтады. Ай сайын жалпы желіден тұтынылатын электр энергиясы шамамен 70–80 пайызға қысқарады. Ал артық өндірілген энергияны бизнес желіге қайта сатып, одан табыс таба алады», – деп түсіндіреді Равиль Гришанин.

«Бүгінде Қазақстандағы ЖЭК жобаларында Jinko Solar, Longi Solar және Risen Energy компанияларының қытайлық фотоэлектрлік панельдері белсенді қолданылып келеді», – деді Тимур Шалабаев.
Бұл жабдықтар тек өнеркәсіптік ауқымдағы жобаларда ғана емес, сонымен қатар шағын қондырғыларда, оның ішінде жеке үйлер мен шағын бизнеске арналған шатырлық күн панельдерінде де пайдаланылады.
Қазақстан мен Қытайдың күн энергетикасындағы басқа да ауқымды жобалары
Екі елдің ынтымақтастығы жергілікті бизнес бастамаларынан әлдеқашан асып, мемлекеттік деңгейдегі ірі жобаларға ұласты. Бұған ЖЭК саласындағы үкіметаралық келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру аясында жасалған уағдаластықтар дәлел.
Атап айтқанда, Қытайдың ең ірі энергетикалық компанияларының бірі – China Energy – Қазақстандағы жасыл энергетиканың стратегиялық нысандарын салуға 1 миллиард доллардан астам инвестиция құяды. Ауқымды жоспарға жалпы қуаты бірнеше гигаватт болатын бірқатар станция құрылысы кіреді.

Олардың қатарында Түркістан облысында қуаты 300 МВт күн электр станциясы және Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясын салу жобалары бар. Бұл жобалар COP-29 климаттық конференциясы аясында қол қойылған ЖЭК саласындағы үкіметаралық келісімнің практикалық іске асырылуы болып саналады.
«China Energy компаниясымен серіктестік – Қазақстанға тек капитал ғана емес, озық технологияларды да әкелетін табысты инвестициялық ынтымақтастықтың мысалы. Түркістан және Қарағанды облыстарындағы жобалар – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатына қосып отырған ортақ әрі елеулі үлесіміз. Сонымен қатар біз энергия сақтау және ақылды желілерді (Smart Grid) дамыту салаларында ынтымақтастықты кеңейтудің үлкен әлеуетін көріп отырмыз. Министрлік барлық уағдаластықтарымыздың уақытылы жүзеге асырылуына жан-жақты қолдау көрсетеді», – деп атап өтті Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Мұндай жобалар энергия тапшылығы байқалатын аймақтардағы дефицитті азайтып қана қоймай, энергия жинақтау жүйелері («пауэрбанк») мен энергияны бөлудің ақылды жүйелерін енгізуге арналған тәжірибелік алаңға айналып, Орталық Азия энергетикасын әлемдік деңгейге көтеруге ықпал етеді.
Орталық Азияға серпін: бұл ынтымақтастық неге маңызды?
Қазақстан мен Қытай технологияларының күн энергетикасы саласындағы интеграциясы жекелеген бизнес жобаларымен шектелмейді. Бөлінген генерацияны қалыптастыру, «ақылды» инверторлар мен интеллектуалды энергия жинақтағыштарды енгізу бүкіл өңірдің энергетикалық жүйесін тұрақты етуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Қазақстанда өндірілетін электр энергиясының шамамен 7 пайызы ЖЭК есебінен өндіріледі. Бұл ел тұрғындарының едәуір бөлігі «таза» энергияны пайдаланып отырғанын білдіреді.
Әрине, ЖЭК-ті дамыту жөніндегі ауқымды жоспарларды жүзеге асыру қомақты инвестиция мен күш-жігерді қажет етеді. Дегенмен қазіргі нәтижелер Қазақстанның жаңартылатын энергия үлесін айтарлықтай арттыруға ниетті екенін көрсетіп отыр. Қазір елімізде жалпы қуаты 2,9 ГВт болатын 147 нысан жұмыс істейді.
Жоспарға сәйкес, 2035 жылға қарай жаңғырту және жаңа станциялар салу есебінен бұл көрсеткіш 26,5 ГВт-қа дейін ұлғаяды.

Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобалары – бұл тек технология ғана емес, болашаққа деген сенім. Сарапшылардың пікірінше, ЖЭК саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту арқылы елдер экономикалық даму мен қоршаған ортаға деген қамқорлық арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізе алады.
Температураның күрт ауытқуы мен инфрақұрылымға түсетін жоғары жүктемелер тән Орталық Азияның континенттік климаты жағдайында қытайлық сенімді технологияларды қазақстандық базамен ұштастыру электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Перспективада инновациялық компоненттердің, соның ішінде әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі CATL компаниясының энергия жинақтағыштарының арзандауы және технологиялық трансферттің тереңдеуі жағдайында күн генерациясы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігінің берік негізіне айналуы мүмкін. Бұл Еуразия үшін экологиялық тазалықты, экономикалық тиімділікті және тұрақты жасыл болашақты қамтамасыз етуге жол ашады.
Келесі материал: 12 жылдық бағдарламаны 11 жылға сыйғызуға бола ма – мектеп моделін өзгертпес бұрын нені ескеру керек?
