SteppeNews.kz: Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бүгінде тарихи жоғарғы деңгейге жетті. Екі ел «мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік» деңгейінде өзара іс-қимыл жасауда. Шекара мәселесі толық шешілген, тауар айналымы жыл сайын өсіп, визасыз режим іскерлік байланыстарды жеделдетуде. Осы үрдістерді және алдағы бесжылдықтың басым бағыттарын Qazaq Expert Club сарапшысы, саясаттанушы Толқын Саметова бағалады.
Стратегиялық серіктестік: сөзден іске
Екі ел арасындағы байланыстың қай деңгейге жеткенін бағалай отырып, Саметова бірнеше нақты факторды атап өтеді: шекара мәселесінің түпкілікті шешілуі, екі мемлекет басшысы арасындағы жеке сенімге негізделген жоғары деңгейдегі диалог және Қытайдың Қазақстанның ең ірі сауда серіктесіне айналуы.
«Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы өз тарихындағы ең жоғары деңгейге көтерілді деп нық сеніммен айта аламыз. 30 күнге енгізілген визасыз режим — бұл өзара сенімнің ең жоғарғы көрінісі. Бұл қадам тек туризмді емес, шағын және орта бизнестің еркін трансшекаралық байланыс орнатуына жол ашты. Біз қазір тек шикізат сатушы емес, «Бір белдеу, бір жол» жобасының Орталық Азиядағы басты логистикалық операторына айналдық», — дейді Толқын Саметова.
Цифрлық экономика және жасанды интеллект: алдағы бесжылдықтың басты драйвері
Алдағы бес жылдықта ынтымақтастықтың қай бағыты ең перспективалы болатынын сарапшы нақты атайды — «Цифрлық Жібек жолы» мен жасыл энергетика. Huawei, Alibaba сияқты қытай алпауыттарының тәжірибесі «Ақылды қала», электрондық үкімет және финтех салаларында қазірдің өзінде енгізіле бастады.
«Қытай — жасанды интеллект пен 5G технологиялары бойынша әлемдік көшбасшы. Қазақстандық тауарлардың, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерінің, Қытайдың алып маркетплейстеріне — JD.com, Tmall — тікелей шығуы алдағы 5 жылдың басты тренді. Бұл біздің фермерлер үшін шексіз нарық ашады. Алдағы бес жылда біз тек құбырлар мен рельстер емес, цифрлық талшықтар мен жоғары технологиялық стартаптар арқылы байланысқан екі елді көретін боламыз», — деп атап өтеді Саметова.
Аймақтар деңгейі: жергілікті басқарудың жаңа рөлі
Конституциялық реформалар аясында жергілікті басқарудың өкілеттігі кеңейді. Бұл өзгеріс стратегиялық серіктестіктің астаналар деңгейінен тікелей өңірлерге дейін жетуіне жол ашты. Алматы облысы — «Бір белдеу, бір жол» жобасының басты қақпасы ретінде — осы үрдістің ең айқын мысалы.
«Жаңа саяси жағдайда облыс басшылығы тек жоғарыдан бұйрық күтпей, шекара маңындағы сауданы дамытуға, логистикалық хабтар құруға және жергілікті халықтың мүддесін қорғай отырып, қытайлық инвесторлармен тікелей келіссөз жүргізуге мүмкіндік алды. Бұл — стратегиялық серіктестіктің нақты, практикалық деңгейге өткенінің көрінісі», — дейді сарапшы.
Өңірлік карта: қай облыс қай салада ұтады?
Қытаймен ынтымақтастықта әр облыстың өз «инвестициялық портреті» болуы тиіс деп санайтын Саметова нақты өңірлерді атайды. Маңғыстау — Транскаспий бағыты арқылы кеме жасау және контейнер өндіру. Павлодар мен Шығыс Қазақстан — литий, никель, кобальт сияқты сирек металдарды шикізат емес, дайын аккумулятор түрінде экспорттау. Солтүстік және Орталық Қазақстан — бидай емес, ет, сүт және органикалық дайын өнімдер.
«Жергілікті басқарудың жаңа құзыреттерін пайдалана отырып, инвесторларға «шикізат орнына технология» шартын қоюымыз керек. Ауыл әкімдері мен аудан басшылары инвесторларға жер телімдерін нақты өндіріс орындарын салу шартымен тікелей ұсына алады», — деп түсіндіреді сарапшы.
Екі стратегиялық шарт
Мүмкіндіктерді іске асыру үшін Саметова екі бағытты басымдық ретінде бөліп көрсетеді. Біріншісі — кадрлық тәуелсіздік: Қытайдың экономикасын, заңын және тілін меңгерген «өңірлік менеджерлер» дайындау. Екіншісі — жасыл индустрия: елдің оңтүстігі мен батысында күн және жел станцияларының құрамдас бөліктерін шығаратын орталықтар құру.
«Біздің басты мақсатымыз — «мұнай бағасына қарап жаутаңдайтын ел» имиджінен біржола арылу. Қазақстан бүгінде Қытаймен көрші болудың стратегиялық артықшылығын өз ұлттық мүддесіне, халқының әл-ауқатына барынша ұтымды пайдалана алатын дербес, қуатты мемлекетке айналуына тиіспіз», — деп қорытындылайды Толқын Саметова.
