Астана әкімдігінің мәліметінше, Республика күніне арналған мерекелік бағдарлама аясында 120-дан астам мәдени, танымдық, спорттық, экологиялық және әлеуметтік іс-шара өтті деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Мерекеге орай «Менің Қазақстаным» патриоттық челленджі өтті. Оған мәдениет қайраткерлері, спортшылар, оқушылар, жастар мен қала тұрғындары қатысып, бейнеқұттықтаулар арқылы Отанға деген сүйіспеншілік, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің маңызы туралы ойларын жеткізді.

Республика күні қарсаңында «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері халықаралық әуежайда арнайы акция ұйымдастырды. Олар елордаға келген шетелдік туристерге Қазақстанның мемлекеттік тулары мен шоколад таратты.


Мерекелік бағдарлама білім беру ұйымдарын да қамтыды. Қала мектептерінде Республика күнінің тарихы мен маңызына арналған сынып сағаттары, пікірсайыстар, викториналар және зияткерлік ойындар өткізілді. Оқушылар арасында «Менің елім – Қазақстан» атты сурет байқауы ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, Достық үйінде ғылыми-сараптамалық конференция, ал Астана қаласының мемлекеттік архивінде «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу өтті.
Елорданың алты ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында концерттер, шығармашылық кездесулер мен тақырыптық бағдарламалар ұйымдастырылды. Қалада көрмелер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер мен әлеуметтік акциялар да өтті.


Республика күніне орай көпбалалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» мемлекеттік наградалары табысталды.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы экологиялық акцияларға 7 мыңнан астам адам қатысты. Акция барысында алма, қарағаш және қайың секілді 370-ке жуық ағаш отырғызылды.

Мерекелік концерттер Өнеркәсіп, Өндіріс және Теміржолшылар тұрғын алаптарында, Көктал-1 тұрғын алабындағы «Наз» мемлекеттік би театрының алаңында, сондай-ақ «Қорғалжын» және «Айғыржал» гүлзарларында өтті. Сонымен қатар концерттік бағдарламалар «Жастар» және «Ататүрік» саябақтарында, Бағыстан және Жағалау тұрғын алаптарында, Отау шағынауданында және Қалалық алаңда ұйымдастырылды.


