Павлодар облысында балық аулап жүрген тұрғын күтпеген жерден шамамен төрт мың жылдық тарихы бар археологиялық олжаның табылуына себеп болды, деп хабарлайды SteppeNews.kz KTK телеарнасына сілтеме жасап.
Құнды олжа Павлодар қаласы маңындағы құм карьерінен табылған. Балықшы адам сүйектерін байқап, бұл туралы тиісті мекемелерге хабар берген. Оқиға орнына келген мамандар жүргізген алғашқы зерттеу нәтижесінде бұл жердің ерте қола дәуіріне жататын көне жерлеу орны екені анықталды.
Қазба барысында адам сүйектерімен қатар ежелгі керамика сынықтары, кетпен, тас балта және дән ұсатуға арналған тас құралдар табылған. Археологтардың айтуынша, бұл жәдігерлер металлургия өндірісі енді қалыптаса бастаған кезеңмен байланысты.
Оқиға орнына Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің Археологиялық зерттеулер институтының мамандары жедел барып, қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу барысында осы аумақта тағы бірнеше көне жерлеу орнының ізі анықталған.
Институттың бас қор сақтаушысы Елена Тушеваның айтуынша, табылған барлық жәдігерлер алдымен Археология институтының зертханасында кешенді сараптамадан өтеді. Кейін ғылыми сипаттамасы әзірленіп, археологиялық қорларға тапсырылады.
Сонымен қатар мамандар қазба орнынан топырақ үлгілерін де алған. Бұл материалдар өңірдің ежелгі табиғи-климаттық жағдайын қайта қалпына келтіруге бағытталған зерттеулерде қолданылмақ. Ғалымдардың пікірінше, жүргізілетін ғылыми жұмыстар аймақтың көне тарихын тереңірек тануға және жаңа археологиялық деректермен толықтыруға мүмкіндік береді.
