Өзбекстанда білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамыту, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту және махаллалардың рөлін арттыруға бағытталған ұлттық бағдарламалар бекітілді, деп жазады SteppeNews.kz.
Өзбекстанда халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, адами капиталды дамыту және ел экономикасын жаңғыртуға арналған ұлттық бағдарламалар қабылданды. Құжаттар білім беру, денсаулық сақтау, құқық үстемдігі және жергілікті өзін-өзі басқару салаларын қамтиды.
Президент жарлығына сәйкес, бағдарламалардың негізгі мақсаты – білім мен дағдыларды ел дамуының басты ресурсына айналдыру, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру және заманауи технологиялар мен еңбек өнімділігіне негізделген экономиканы қалыптастыру.
Білім беру саласында қандай өзгерістер болады?
Білім беру бағытындағы басым міндеттердің бірі – алты жастағы балаларды мектепке даярлық топтарымен толық қамту. Сонымен қатар мемлекеттік емес мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына арналған қолданыстағы жеңілдіктер сақталады.
Елдегі барлық мектеп кезең-кезеңімен білім сапасын бағалаудың халықаралық бағдарламаларына қосылады. Бұл білім беру жүйесінің тиімділігін бағалап, оқыту сапасын халықаралық талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Өзбекстанның кемінде 10 жоғары оқу орнын әлемдегі жетекші халықаралық рейтингтердің алғашқы мыңдығына енгізу көзделіп отыр. Сондай-ақ кемінде 10 миллион жасты цифрлық индустрия мен болашақтың сұранысқа ие мамандықтарына тарту жоспарланған.
Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы артады
Ұлттық бағдарламаларда медициналық қызмет сапасын жақсартуға да ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын мемлекеттік шығындарды жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін жеткізу көзделіп отыр.
Бұл бағытта аурулардың алдын алу және азаматтардың денсаулығын сақтауға негізделген медициналық модельге көшу басымдыққа ие болады. Сонымен қатар мамандандырылған медициналық көмекті дамыту үшін елге шетелдегі жетекші клиникалардың кемінде бесеуін тарту жоспарланып отыр.
Сот жүйесінің тәуелсіздігі мен азаматтардың құқықтарын қорғау
Бағдарламаның тағы бір маңызды бағыты – құқық үстемдігін қамтамасыз ету және сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту.
Осы мақсатта мектеп қабырғасынан бастап азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, киберқылмысқа, есірткі айналымына байланысты қылмыстарға және адам саудасына қарсы күресті күшейту жоспарланған. Сондай-ақ әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шаралары кеңейтіледі.
Махаллалардың жергілікті мәселелерді шешудегі рөлі артады
Құжатта махаллалардың қоғамдық өмірдегі рөлін күшейтуге де басымдық берілген. Енді мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу кезінде тұрғындардың нақты қажеттіліктері мен ұсыныстары ескерілуі тиіс.
Махаллалардан түскен негізді ұсыныстар мен өтініштер бойынша тиісті шешімдер 30 күн ішінде қабылдануы қажет.
Осылайша, Өзбекстанның жаңа ұлттық бағдарламалары білім беру мен медицинаны жаңғыртудан бастап, құқықтық жүйені жетілдіру және жергілікті басқару тиімділігін арттыруға дейінгі ауқымды өзгерістерді қамтиды.
Келесі материал: Базалық мөлшерлеме төмендеді. Қолданыстағы кредиттің пайыздық мөлшерлемесін азайтуға бола ма?
