Корея Республикасының Пусан қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұралар комитетінің 48-ші сессиясында Қазақстан үшін айтулы, тарихи шешім қабылданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әрі тікелей қолдауымен Маңғыстаудың бірегей жартасты мешіттері халықаралық ұйымның беделді тізіміне ресми түрде енгізілді. Мәртебелі тізімге Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата және Сұлтан Үпі сияқты өңірдің бес бірдей қасиетті нысаны енді. Бұл қуанышты хабарды Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Карин жеткізді.
Бұл оқиға — төл мәдениетіміз бен тарихымыз үшін өте маңызды белес. Себебі Қазақстанның ұлттық мәдени мұрасы ЮНЕСКО тізіміне соңғы рет 22 жыл бұрын, яғни 2004 жылы қосылған болатын. Еске сала кетсек, 2003 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ал 2004 жылы Таңбалы петроглифтері бұл тізімге енгізілген еді. Кейінгі жылдары ғана Президенттің бастамасымен бұл бағыттағы ауқымды жұмыстар қайта жанданып, жаңа деңгейге көтерілді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Маңғыстаудың жартасты мешіттерін ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жұмыстарын бастауды тапсырған болатын. Осы тапсырма аясында жүргізілген тиянақты іс-шаралар өз нәтижесін беріп, тарихи нысандарымыз әлемдік деңгейде танылып отыр.
Ерлан Карин Комитеттің 48-ші сессиясында сөйлеген сөзінде бұл мешіттердің тек құлшылық жасайтын орын ғана емес, өз заманында білім мен ағартушылықтың орталықтары болғанын атап өтті. Жартастарда халқымыздың тарихи жады мен ата-бабаларымыздың аманаты сақталған. ЮНЕСКО аталған нысандарды көпғасырлық рухани, мәдени, архитектуралық дәстүрлердің озық үлгісі ретінде ресми түрде мойындады.
Тарихи нысандардың халықаралық деңгейде танылуы — зор мақтаныш қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Бұл шешім әлем назарын кезекті рет Қазақстанға аудартып, отандық туризмге соны серпін береді, сондай-ақ өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жол ашады.
Бұл — үлкен жұмыстың бастамасы ғана. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың отырыстарында ЮНЕСКО тізімдеріне ұлттық номинацияларды қосу ісін жан-жақты жандандыруды тапсырған болатын. Алдағы уақытта таза ағаштан салынған Жаркент мешітін, Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуін, Қаратау петроглифтерін және хәкім Абайдың «Қара сөздерін» ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу міндеті тұр. Қазақстан тарапының ендігі күш-жігері осы құндылықтарды әлемге танытуға бағытталады.
