Көктөбе саябағында аумағы 4 гектарды қамтитын жаңа гүлді беткейді абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, кең көлемде жүргізілген көгалдандыру және көріктендіру нәтижесінде мұнда серуендеуге арналған жаңа бағыттар, шолу алаңдары мен Алматының әсем көрінісі ашылатын қоғамдық кеңістік қалыптасты деп хабарлайды SteppeNews.kz, Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Жобаның басты ерекшелігі – тау бөктеріне ерекше сән беретін лаванда террасалары. Сонымен қатар аумақта ерте көктемнен күздің соңына дейін гүлдеп тұратын 20-дан астам көпжылдық өсімдік, сәндік бұта және астық тұқымдас өсімдіктер отырғызылған. Ландшафтық композицияны гортензия, тобылғы, шатыраш, көкжалбыз (котовник), қызылкүрең және басқа да сәндік өсімдіктер толықтырады.
Жобаны жүзеге асыру кезінде табиғи жер бедерін сақтау басты назарда болды. Беткейлерді эрозиядан қорғау үшін габион құрылымдары орнатылып, келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында табиғи ландшафтпен үйлесетін жаяу жүргіншілер жолдары, баспалдақтар мен шолу алаңдары салынды.
Қазір жаңа қоғамдық кеңістік келушілер үшін ашық. Серуендеу барысында гүлді композицияларды тамашалап қана қоймай, Алматы қаласы мен Іле Алатауының көркем көрінісін тамашалауға болады. Мамандардың айтуынша, жаңа гүлді беткей табиғат пен заманауи ландшафттық дизайн үйлескен Көктөбенің жаңа көрікті орындарының біріне айналады.
