2026 жылдың 20–25 шілдесі аралығында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Air Astana әуе компаниясымен бірлесіп, Үндістанның жетекші MICE-компанияларының сегіз өкіліне арналған Астана мен Бурабай ұлттық саябағына ақпараттық тур өткізді деп хабарлайды SteppeNews.kz, Kazakh Tourism-ға сілтеме жасап.
Үндістан Қазақстан үшін басым туристік нарықтардың бірі саналады және шетелдік туристер саны бойынша үшінші орында келеді. «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Едіге Дүйсенұлының айтуынша, соңғы жылдары Үндістаннан келетін туристер саны тұрақты өсуде. Егер 2023 жылы Қазақстанға 54 мың үндістандық келсе, 2024 жылы олардың саны екі еседен асып, 126 мыңға жеткен. Ал 2025 жылдың қорытындысында елге 131 мың турист келіп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға артқан.
Ақпараттық тур барысында «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ пен Astana Tourism компаниясы қонақтарға Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Делегацияға Астананың халықаралық іскерлік іс-шараларды қабылдау әлеуеті мен Бурабайдың табиғи әрі туристік мүмкіндіктері туралы кеңінен ақпарат берілді.
Үндістандық туроператорлар Астананы MICE туризмінің келешегі зор бағыты, ал Бурабайды корпоративтік және ұжымдық демалысқа қолайлы ерекше табиғи мекен ретінде ілгерілетуге қызығушылық танытты. Олардың айтуынша, елорданың заманауи инфрақұрылымы мен Бурабайдың көркем табиғатының үйлесімі бұл бағыттың Үндістанның іскерлік туризм нарығындағы тартымдылығын арттыра түседі.
