2026 жылғы 7–9 тамыз аралығында Хива қаласында «Қауын мерекесі» фестивалі өтті. Ичан-Кала тарихи кешені мен заманауи «Arda Khiva» туристік орталығында ұйымдастырылған ауқымды шараға Өзбекстанның түрлі өңірлерінен және шетелден келген туристер, сондай-ақ отандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты деп хабарлайды SteppeNews.kz Өзбекстан Республикасының туризм комитетіне сілтеме жасап.
Фестивальді Өзбекстанның Туризм комитеті мен Хорезм облысының хокимияты бірлесіп ұйымдастырды. Үш күнге созылған мерекеге жалпы 186 мың адам қатысты. Оның ішінде 150 мыңы жергілікті тұрғындар болса, 36 мыңы шетелдік туристер болды.
Хивада қауын дәмін татудан әлемдік рекорд орнатылды
Фестивальдің ең маңызды оқиғаларының бірі — қауынды жаппай дәм татудан әлемдік рекордтың орнатылуы.
Guinness World Records ұйымының ресми сертификатына сәйкес, рекорд 2026 жылғы 9 тамызда Хива қаласында тіркелді. Бір мезетте 259 адам 10-нан астам қауын сортынан дәм татып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Рекордты растау рәсіміне Guinness World Records ұйымының Түркия және Орталық Азия бойынша ресми өкілі, төреші Шейда Субашы Гемиджи қатысты.
Үш күн бойы мәдени және гастрономиялық бағдарлама ұсынылды
Фестиваль күндері қонақтарға түрлі ойын-сауық бағдарламалары, танымал өнерпаздардың концерттері, шеберлік сабақтары, көрмелер мен байқаулар ұйымдастырылды.
Фестивальдің жабылу салтанаты ресейлік әнші МакSимнің концерттік бағдарламасымен аяқталды.
Шара барысында Хорезм облысының аудандары, жетекші фермерлік шаруашылықтар мен басқа да қатысушылар арнайы көрмелік стендтерін ұсынды. Онда қауынның ондаған сұрпы, өңірде өндірілетін өнімдер, заманауи ауыл шаруашылығы технологиялары мен саланың жетістіктері таныстырылды.
Келушілер түрлі қауын сорттарынан дәм татып, өндірушілермен тілдесіп, Хорезмнің ауыл шаруашылығы дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.
Байқау жеңімпаздары анықталды
Фестивальдің қорытынды бөлімінде байқау жеңімпаздары жарияланды.
Үшінші орынға Үргеніш мемлекеттік университеті, «UzAuto» компаниясының Хорезм филиалы және Хорезм облысы автомобиль жолдары басқармасы ие болды.
Екінші орын Хорезм облысы ауыл шаруашылығы басқармасына берілді.
Бірінші орынды Янгиарық ауданының хокимияты жеңіп алды.
Ал фестивальдің бас жүлдесі Хива қаласының хокимиятына табысталды.
«Қауын мерекесі» фестивалі Хорезмнің туристік әлеуетін тағы бір мәрте көрсетіп, өңірде агротуризмді дамытуға, гастрономиялық мұраны насихаттауға және Хорезмді заманауи әрі қонақжай туристік бағыт ретінде танытуға маңызды үлес қосты.
