Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғылыми кітапханасындағы сирек қорда Мұхтар Әуезовтің 1942 жылы жарық көрген «Абай жолы» романының алғашқы басылымдарының бірі сақтаулы. Қазақ әдебиеті үшін тарихи маңызы бар бұл кітап бүгінде ғылыми зерттеулерге құнды дерек ретінде қолданылып отыр деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Университет жанындағы «Абайтану» ғылыми-зерттеу институты Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын зерттеп, оның рухани және ғылыми маңызын кеңінен насихаттау бағытында жұмыс жүргізеді. Сонымен бірге ұлы ақынның идеяларын білім беру жүйесіне енгізуге арналған жобалар жүзеге асырылуда.
Сирек қордағы 1942 жылғы басылым да ғылыми ізденістерге негіз болған. Университет магистратурасының түлегі Эльмира Орманбек диссертациялық зерттеуі барысында «Абай жолының» осы нұсқасын кейінгі басылымдармен салыстырып, олардың мәтіндік ерекшеліктері мен айырмашылықтарын саралаған. Зерттеу қорытындылары қазіргі таңда 10–11 сынып оқушыларына Абай шығармашылығын тереңірек түсіндіруге бағытталған оқу үдерісінде пайдаланылып келеді.
«Абай мұрасын зерттеу – бірнеше ғылыми және білім беру бағытын қамтитын кешенді жұмыс. Университет ғалымдары ғылыми монографиялар, оқу-әдістемелік құралдар мен жинақтар әзірлеп, Абай шығармашылығын зерттеу мен насихаттауға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Шығыс Қазақстан облысының білім беру ұйымдары үшін «Абайтану» оқу бағдарламасы әзірленіп, осы курсқа арналған «Мұғалім кітабы» құрастырылды. Сонымен қатар оқушылар арасында «Абай оқулары» өткізіліп, педагогтер үшін «Абайтану пәнін оқыту» курстары ұйымдастырылады», – деді филология ғылымдарының докторы, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Картаева.
Институттағы ғылыми жұмыстар бірнеше бағытты қамтиды. Олардың қатарында «Абай және әлемдік руханият», «Абай және ХХІ ғасырдағы ғылым-білім», «Абайтану және оқыту мәселелері», «Абай және Толық адам», «Адал азамат», «Абай және парасат жолы», «Ұлы Абайды ұлықтау» бағыттары бар.
Сонымен қатар Абайдың «Толық адам» іліміне ғылыми-ағартушылық және тәрбие жұмыстары барысында ерекше назар аударылады. Осы тақырыпта «Дананың сөзі – ақылдың көзі», «Абайдың толық адам ілімін оқыту» оқу құралдары мен «Жаңа ғасырдағы Абайдың «Толық адам» тағылымы» монографиясы жарық көрген.
Сирек қорда сақталған тарихи басылымдарды ғылыми айналымға енгізу әдеби мұраны сақтап қана қоймай, оны қазіргі зерттеулермен байланыстыруға мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Аманжолов университетіндегі 1942 жылғы «Абай жолы» басылымы Абай мұрасы мен Мұхтар Әуезов шығармашылығын зерделеудегі маңызды дереккөздердің бірі саналады.
