Алматыда 2026 жылдың басынан бері қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеуге тапсыру бойынша бірқатар экологиялық акция ұйымдастырылды. Олардың нәтижесінде 50 мың пластик қақпақтан «Таза Қазақстан» стеласы жасалып, түрлі іс-шараларда 1,8 тоннаға жуық қайта өңдеуге жарамды материал жиналды. Бұдан бөлек, құрамында сынап бар 60 мыңға жуық бұйым кәдеге жаратуға тапсырылды. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері мәлімдеді деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Жыл басынан бері қаланың бірнеше ауданында Recycle Бірге акциялары өтті. Тұрғындар пластик, қағаз, шыны, электрондық құрылғылар, пайдаланылған шамдар және басқа да қалдықтардың 17-ден астам түрін өткізе алды. Сонымен бірге кітап, киім, өсімдіктер мен тұрмыстық заттарды алмастыру шаралары ұйымдастырылды.


Алматы әкімдігінің қолдауымен ECO Network экологиялық қауымдастығы қайталама шикізатты жинау мен қайта өңдеуге бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Солардың бірі — балалар мен ересектерді ортақ экологиялық іске жұмылдыратын «Мейірімді қақпақша» жобасы. Оның аясында жиналған 50 мың пластик қақпақтан «Таза Қазақстан» стеласы құрастырылды. Қайта өңделген пластиктен кілт салғыштар, шахмат, шырша ойыншықтары және басқа да бұйымдар әзірленеді.
Көктемнен бері «Эко-Трак» мобильді қабылдау пункті тұрғын үй кешендері мен білім беру ұйымдарына барып, қайталама шикізат қабылдайды. Әр акцияға орта есеппен 150 адам қатысады. Олар пластик қақпақтар, макулатура, пластик ыдыстар мен өзге де материалдарды тапсырады. Кейбір орындарда пайдаланылған батареялар мен құрамында сынап бар бұйымдар да қабылданады.
20 қазанда «Эко-Трак» №209 мектеп-гимназиясында өткен экологиялық шараға қатысты. Оқушылар ата-аналарымен және мұғалімдерімен бірге қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды тапсырды. Сондай-ақ қайта өңделген пластиктен кілт салғыштар жасап, мектеп аумағына ағаш отырғызды.


Қалдықтарды сұрыптау шаралары ірі бұқаралық іс-шаралар кезінде де өткізіледі. Мәселен, 27 қыркүйекте өткен Almaty Marathon барысында пластик, картон және басқа да қайта өңделетін материалдардың 1,8 тоннаға жуығы жиналды.
Қалада мобильді қабылдау пункттерімен қатар, қайталама шикізаттың бірнеше түрін өткізуге болатын экохабтар жұмыс істейді. Қауіпті қалдықтарды жинау да назардан тыс қалмайды. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында «Eco Almaty» ЖШС-не кәдеге жарату үшін құрамында сынап бар 60 мыңға жуық бұйым тапсырылған.

Сонымен қатар Алматыдағы 38 емханада жарамдылық мерзімі өткен дәрі-дәрмектерді жинауға арналған арнайы жәшіктер орнатылған. Олар 2025 жылдың жазында қойылған. Содан бері тұрғындар 1,2 тоннаға жуық дәрі-дәрмек қалдығын тапсырды.
Аталған жұмыстар жалпыұлттық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жүргізіледі. Экологиялық жобалар тұрғындарға қалдықтарды дұрыс сұрыптауды үйретуге, қайта өңдеуге жарамды материалдарды бөлек жинауға және қауіпті заттарды арнайы қабылдау орындарына тапсыруға бағытталған.
Келесі материал: Саша Барон Коэн «Борат» фильмі үшін Қазақстан халқынан кешірім сұрады
