Алматы халықаралық әуежайында ішкі рейстерге арналған жаңғыртылған Т1 терминалы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан, әуежай басшылығы мен авиация саласының өкілдері қатысты деп жазады, SteppeNews.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, әуежайларды жаңғыртуға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөледі. Жаңартылған терминалдың ашылуы – осы жұмыстың нақты нәтижесі. Еліміздің іскерлік және қаржы орталығы – Алматы қаласы үшін әуежайды дамытудың маңызы зор. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қаланың туристік және іскерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ оның өңірдегі ірі авиациялық торап ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал етеді.», – деді Әсел Жанасова.

Т1 терминалын жаңғырту жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде Horizon бағдарламасы аясында басталған. Жобаға шамамен 32 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынды. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, осы уақыт аралығында терминал жолаушыларға қызмет көрсетуді жалғастырды.
Жаңғырту барысында жалпы ауданы 1 700 шаршы метр болатын тіркеу аймағы толығымен жаңартылып, 23 жаңа тіркеу орны орнатылды. Ұшу алдындағы тексеру аймағы кеңейтіліп, өткізу жолының ені 2 метрден 3,5 метрге дейін ұлғайтылды. Отырғызу талондарын тексеруге арналған автоматты турникеттер саны да үштен беске дейін көбейді.

Сонымен қатар ұшаққа отырғызуға арналған сегіз шығу аймағы жаңартылды. Күту орындарының саны арттырылып, №1 шығу аймағындағы залдың ауданы 200-ден 350 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Бұдан бөлек, үш жаңа телескопиялық трап орнатылды.
Багаж өңдеу жүйесі де жаңартылды. Ұшып келу және ұшып кету бағыттарындағы багажды сұрыптау аймақтары кеңейтіліп, конвейерлердің жалпы ұзындығы 85 метрден 228 метрге дейін жеткізілді. Сондай-ақ багаждың ішкі құрамын үш өлшемді форматта көруге мүмкіндік беретін заманауи тексеру жүйесі енгізілді.
Терминалдың электрмен жабдықтау, желдету, жылыту, өрт дабылы және автоматты өрт сөндіру жүйелері толық жаңартылды. Ішкі кеңістікте де жөндеу жұмыстары жүргізіліп, төбе конструкциялары, қабырғалар мен бағандар ауыстырылды.

Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында 14 санитарлық бөлме күрделі жөндеуден өтті. Ана мен бала бөлмесі жаңартылып, лифтілер ауыстырылды. Сонымен қатар жаңа сауда орындары мен қоғамдық тамақтану нысандары ашылды.
Жаңғырту нәтижесінде Т1 терминалының жылдық өткізу мүмкіндігі 9 млн жолаушыға дейін артты. Бұған дейін барлық жолаушылар ағыны бір терминал ғимаратында қызмет көрсетілген кезде бұл көрсеткіш шамамен 3,2 млн адам болған.
Т1 терминалын жаңарту – Алматы әуежайын 2050 жылға дейін дамытуға бағытталған Horizon бағдарламасының негізгі жобаларының бірі. Бағдарлама аясында аэродромдық және техникалық инфрақұрылымды жетілдіру де жоспарланған.

Алдағы жобалар қатарында Орталық Азиядағы әуе кемелерін мұздануға қарсы өңдеуге арналған алғашқы мамандандырылған алаң салу, ұзындығы 4 000 метр жаңа рулеждік жол құрылысы, ұшу-қону жолағын реконструкциялау, VIP перрон мен әуе кемелеріне арналған тұрақтарды жаңарту, жүк перронын дамыту және техникалық қызмет көрсету ангарын салу бар.
Әуежайды дамыту стратегиясы жолаушылар ағынының өсуіне сай инфрақұрылымды жетілдіруге, қызмет көрсету сапасын арттыруға және Алматының Орталық Азиядағы маңызды авиациялық-көлік орталығы ретіндегі орнын нығайтуға бағытталған.
Келесі материал: OMODA C5 HEV (SHS-H): өздігінен қуатталатын заманауи гибрид
