Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Халықаралық жастар күнімен құттықтады. Ол жастардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық өміріндегі маңызды рөліне тоқталып, жас буынға артылған сенім мен жауапкершілікті атап өтті, деп хабарлайды Steppenews.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігіне сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, бүгінде Қазақстанда 5,8 миллионнан астам жас азаматтар бар. Бұл ел халқының шамамен үштен біріне жуық. Сондықтан мемлекеттің болашағы жастардың біліміне, кәсіби білігіне, азаматтық белсенділігі мен жаңа бастамаларына тікелей байланысты.
Аида Балаева жастар саясатын дамытудың негізгі бағыттарының қатарында білім мен ғылымды қолдау, инновацияны дамыту және адами капиталды күшейтуді атады.
Мемлекет тарапынан жастарға арналған қолдау шаралары да кеңейіп келеді. Оның ішінде баспанамен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, кәсіп бастау, волонтерлік және қоғамдық бастамаларға қатысуға мүмкіндік беретін жобалар бар.
Мәселен, «Наурыз» және «Отау» жеңілдетілген несие бағдарламалары арқылы 5,4 мыңнан астам жас қазақстандық қолдау алған. Өңірлік тұрғын үй бағдарламалары аясында 7,2 мыңнан астам жас отбасы мен жас маман баспаналы болған. Ал биыл «Жасыл ел» жобасы бойынша 35 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылды.
Жастардың шығармашылық және әлеуметтік жобаларын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты мен «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы да өз жұмысын жалғастырып келеді.
Сонымен қатар елімізде 400-ден астам жастар ұйымы мен 235 жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді. Олар жас азаматтардың бастамаларын жүзеге асыруға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасайды.
Министр цифрландыру мен жасанды интеллектінің қарқынды дамуы жағдайында жастардың әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызын да атап өтті. Оның пікірінше, жаңа технологияларды меңгеру, ғылыми жобалар мен технологиялық кәсіпкерлікті дамыту Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
«Сіздердің білімдеріңіз бен жігерлеріңіз, жауапкершіліктеріңіз бен жаңалыққа ұмтылыстарыңыз – Қазақстанның келешегіне салынған ең үлкен капитал», – деді Аида Балаева.
Ол жастарға сенім білдіріп, олардың әрбір жетістігі елдің ортақ табысына айналатынын атап өтті.
Халықаралық жастар күні қалай пайда болды?
Халықаралық жастар күні жыл сайын 12 тамызда аталып өтеді. Бұл күнді БҰҰ Бас Ассамблеясы 1999 жылы бекіткен. Алғаш рет Халықаралық жастар күні 2000 жылы аталып өтті.
Атаулы күннің негізгі мақсаты – жастардың қоғамдағы рөліне назар аудару, олардың алдында тұрған мәселелерді халықаралық деңгейде талқылау және жас ұрпақтың қоғамдық өмірге белсенді қатысуын қолдау.
БҰҰ бұл күн арқылы білім алу, жұмыспен қамту, әлеуметтік теңдік, адам құқықтары, қоршаған ортаны қорғау және технологиялық өзгерістер сияқты жастардың өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді күн тәртібіне шығарады.
Халықаралық жастар күні жас буынның тек болашақтың иесі ғана емес, бүгінгі қоғамның белсенді мүшесі екенін еске салатын маңызды күн саналады. Жастардың идеясы мен бастамасын қолдау – елдің ұзақ мерзімді дамуына салынған инвестиция.
