Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасымен кездесті, деп хабарлайды SteppeNews.kz, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады. Кездесу барысында тараптар жетекші халықаралық медиаресурспен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысы Euronews әлемдегі беделді ақпарат құралдарының бірі екенін атап өтіп, арнаның оқиғаларды бейтарап әрі сенімді түрде жариялайтынын айтты. Сондай-ақ Президент 2024 жылы Астанада өңірлік кеңсе ашылғаннан кейін телеарна Қазақстан мен Орталық Азиядағы саяси, экономикалық және мәдени жаңалықтарға көбірек назар аудара бастағанына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews арнасының қазақ тілінде жаңалық тарата бастағанын жоғары бағалап, мұны екіжақты ынтымақтастықтың маңызды нәтижесі ретінде атады.
Өз кезегінде Педро Варгас Давид қазақ тілі Euronews медиа желісінде Орталық Азия халықтарының арасынан алғаш болып қолданысқа енгізілгенін айтты.

Кездесу барысында Euronews басшысы қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, онда көрініс тапқан қағидаттар мен құндылықтар елдің одан әрі дамуына бағытталған маңызды қадам екенін жеткізді.
Тараптар сондай-ақ Президенттің жуырдағы Брюссельге ресми сапарының қорытындылары жөнінде пікір алмасты. Педро Варгас Давидтің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапар қарсаңында Euronews сайтында жарияланған мақаласы Еуропа аудиториясының ерекше қызығушылығын тудырған. Сарапшылар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейге көтеріліп келе жатқанын атап өткен.
Кездесу соңында Қазақстанның жетістіктерін халықаралық деңгейде кеңінен насихаттау және Орталық Азияны жаһандық ақпарат кеңістігінде танытуға бағытталған бірлескен медиа жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылды.