Алматы мен Астанада өтетін бесінші Freedom Festival халықаралық балет фестиваліне әлемнің жетекші балет ұжымдары қатысады. Биылғы мерейтойлық бағдарлама аясында британдық London City Ballet Қазақстан сахнасында алғаш рет өнер көрсетеді, деп жазады SteppeNews.kz.
25 қарашада Алматыдағы Almaty Theatre театрында фестивальге арналған баспасөз конференциясы өтті. Жиында ұйымдастырушылар мен шетелдік әртістер алдағы қойылымдардың бағдарламасы мен ерекшеліктері туралы айтып берді.
Биылғы фестивальге New York City Ballet, PCK Dance, English National Ballet және Astana Opera ұжымдарының әртістері қатысады. Негізгі оқиғалардың бірі – 2023 жылы қайта құрылған London City Ballet труппасының Қазақстанға келуі.

«Фридом Финанс» АҚ басқарма төрағасы Сергей Лукьяновтың айтуынша, бес маусым ішінде фестиваль халықаралық балет кештерінен ауқымды мәдени платформаға айналған.
«Бес маусым ішінде Freedom Festival халықаралық балет кештерінен қазақстандық көрерменді әлемнің жетекші қойылымдарымен және хореографиялық өнердің түрлі бағыттарымен таныстыратын ауқымды мәдени платформаға айналды. Биылғы басты оқиғалардың бірі – London City Ballet ұжымының Қазақстандағы алғашқы қойылымы. Фестиваль аясында ұжым британдық әртістерге арнайы әзірленген Джон Ноймайердің Ghost Light балетінің жаңа нұсқасын ұсынады. Фестивальдің арқасында қазақстандық көрермендер елден шықпай-ақ халықаралық театр ұжымдарымен және әлемдік балеттің маңызды туындыларымен танысуға мүмкіндік алғаны біз үшін маңызды», – деді ол.
Фестиваль продюсері Данияр Шманов биылғы бағдарламада классикалық және заманауи балет туындылары қатар ұсынылатынын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық әртістердің бірлескен қойылымдарына да ерекше орын берілген.
«Мерейтойлық Freedom Festival-ді дайындау барысында көрермендеріміздің барлық тілектерін ескеруге тырыстық. Freedom компаниясының қолдауының арқасында көптеген халықаралық ұжымдар мен қойылымдармен танысып, үздіктерін іріктеуге мүмкіндік алдық. Біз үшін көрнекті хореограф Джон Ноймайердің «Ghost Light» балетін Қазақстанда көрсету және елімізді осы спектакль қойылатын әлемдік сахналардың қатарына қосу ерекше маңызды. Екінші бөлімде классикалық және заманауи балетті біріктірдік. Биыл көрермендерді көптеген хореографиялық нөмірлерден, соның ішінде Кеннет Макмиллан мен басқа да көрнекті хореографтардың туындыларынан тұратын мазмұнды бағдарлама күтеді. Халықаралық бірлескен жобаларға да ерекше орын берілген. Мәселен, English National Ballet прима-балеринасы Astana Opera театрының премьері Диас Құрманғазымен дуэт орындайды. Біз шынымен де қызықты әрі жан-жақты бағдарлама дайындадық және көрермендеріміз әлемдік балет өнерімен жүздесуден ерекше әсер алады деп үміттенеміз», – деді Данияр Шманов.

Фестиваль бағдарламасында қандай қойылымдар бар?
London City Ballet әртістері Франц Шуберттің музыкасына қойылған Джон Ноймайердің «Ghost Light» балетін, Дмитрий Шостаковичтің шығармасына жазылған Кеннет Макмилланның «Concerto» балетінің екінші бөлімін және Иоганн Штраус-кіші музыкасына қойылған Эшли Пейдждің «Mephisto Waltz» туындысын көрсетеді.
New York City Ballet әртістері Джордж Баланчиннің «Tarantella» балетін ұсынса, британдық PCK Dance ұжымы «Nerve Wire» дуэтін орындайды. Ал Astana Opera әртістері халықаралық орындаушылармен бірге Людвиг Минкустың музыкасына қойылған «Дон Кихот» балетінен па-де-де көрсетеді.
London City Ballet әртісі Франческа Велику Қазақстанға алғаш рет келгенін айтып, жергілікті көрермендер алдында өнер көрсетуге қуанышты екенін жеткізді.
«Осында болғаныма және London City Ballet ұжымымен бірге қазақстандық көрермендер алдында өнер көрсету мүмкіндігіне өте қуаныштымын. Бұған дейін әлемнің осы бөлігіне ешқашан келмеген едім, сондықтан бұл мен үшін ерекше тәжірибе. Мен Румынияданмын және екі елдің арасы алшақ болғанымен, мұнда өзіме жақын әрі таныс дүниелерді көп кездестірдім. Көрермендермен өз энергиямды бөлісіп, би арқылы эмоцияларымды жеткізіп, сахнада өнер көрсету кезінде пайда болатын ерекше байланысты орнатқым келеді», – деді ол.

Балеттен бөлек қандай өнер көрсетіледі?
Фестиваль аясында италиялық RKH Studio ұжымы да өнер көрсетеді. Туриннен келген шығармашылық топ электронды музыка, генеративті өнер және опералық әншілікті біріктіретін аудиовизуалды перформанс ұсынады. Қойылым барысында музыка бағдарламалық код арқылы нақты уақыт режимінде жасалып, визуалды көріністер әуенге сәйкес өзгеріп отырады.
London City Ballet әртісі Джозеф Тейлор да Қазақстанға алғаш рет келгендегі әсерімен бөлісіп, фестиваль бағдарламасындағы әртүрлі хореографиялық стильдердің үйлесіміне тоқталды.
«Кәсіби мансабымда Қазақстанға келемін деп ешқашан ойламаппын. Осындай мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын. Мұндай тәжірибе адамға өмірінде бір-ақ рет бұйыруы мүмкін, сондықтан бұл мен үшін шынымен ерекше оқиға. Өзіме жаңа көрермендер алдында өнер көрсетіп, олармен өнерімізді бөлісу қызықты. Фестиваль бағдарламасында бір-бірінен мүлде өзгеше хореографиялық стильдер ұсынылған және бұл оны ерекше қызықты етеді. Джордж Баланчин хореографиясының керемет энергиясы мен біздің еуропалық орындау мәнеріміздің арасындағы айқын айырмашылықты көрсетіп, балет өнерінің жан-жақтылығын ашып, қазақстандық көрермендерге жарқын эмоциялар сыйлаймыз деп үміттенемін», – деді әртіс.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Freedom Festival V 27 қарашада Алматыдағы Almaty Theatre театрында (Әл-Фараби даңғылы, 30), ал 29 қарашада Астанадағы Astana Opera театрында (Қонаев көшесі, 1) өтеді.
Кеш бағдарламасы сағат 18:00-де театр фойесіндегі арт-инсталляциялар мен DJ-сеттен басталады. 18:45-те RKH Studio перформансы ұсынылып, 19:00-де балет қойылымдары басталады.
Билеттерді Ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады. Фестивальдің ұйымдастырушысы – Freedom.
Келесі материал: Қытайдағы суретшілер ауылы туристерді қалай тартып отыр?
