Моңғолияда президент Ухнаагийн Хүрэлсүхтің отставкасы қабылданғаннан кейін жаңа мемлекет басшысын сайлау төрт ай ішінде өтуі тиіс. Бұл туралы президент әкімшілігінің басшысы мәлімдеді, деп жазады SteppeNews.kz БураядҮнэн — ге сілтеме жасап.
Моңғолияның алтыншы президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх 17 қарашада халыққа үндеу жасап, қызметінен кететінін жариялаған. Ол бұл шешімін өзіне қатысты айтылған айыптаулар бойынша тергеу жүргізу қажеттілігімен түсіндірді.
«Мен президенттік өкілеттігімді тоқтатып, өз беделімді қалпына келтіруге күш саламын. Мен ешқашан өз халқымның немесе мемлекетімнің мүлкін ұрлаған емеспін», – деді ол үндеуінде.
18 қарашада Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының Мемлекеттік құрылым жөніндегі тұрақты комитетінде президентті қызметінен босату мәселесі қаралды. Ал 19 қарашада парламенттің жалпы отырысында депутаттардың басым көпшілігі оны қызметінен босату туралы шешім қабылдады.
20 қарашада Ұлан-Батордағы Сүхбаатар алаңында Ухнаагийн Хүрэлсүхпен қоштасу рәсімі өтті. Салтанатты шарада ол Ұлы Шыңғыс хан ескерткішіне тағзым етіп, құрмет қарауылының жеке құрамымен және дипломатиялық миссия басшыларымен, мемлекеттік қызметкерлермен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен қоштасты. Рәсім әскери үрмелі оркестрдің орындауымен аяқталды.
Президенттің қызметін тоқтатуға не себеп болды?
Ухнаагийн Хүрэлсүхтің қызметінен кетуіне қатысты жағдай Моңғолияның бұрынғы мэрі Хишгээ Нямбаатардың мәлімдемесінен кейін өрбіген.
Бірқатар моңғолиялық БАҚ-тың хабарлауынша, Нямбаатардың айтуынша, 2019 жылы Хүрэлсүх премьер-министр қызметін атқарып жүрген кезде Таван-Толгой – Гашуунсухайт теміржол желісінің құрылысына байланысты 25 миллион доллар алған. Оның сөзінше, құрылыс келісімшарты ашық конкурс өткізілместен Bodi International компаниясына берілген.
Сондай-ақ шенеуніктерге берілген заңсыз төлемдердің жалпы көлемі 110 миллион долларға дейін жетуі мүмкін деген болжам айтылған.
Алайда Bodi International компаниясы мемлекеттік қызметкерлерге пара бермегенін мәлімдеп, өзіне тағылған айыптарды жала деп атады.
Ухнаагийн Хүрэлсүх те сыбайлас жемқорлыққа қатысы барын жоққа шығарды. Дегенмен өзіне қатысты тергеу жүргізілуі үшін президенттік қызметтен өз еркімен кетуге келіскен.
Ол қызметінен кетуге қатысты түсініктемесінде Демократиялық партияның Ұлы Мемлекеттік Хуралдағы фракциясы 16 қарашада тергеу жүргізу мақсатында президентке өкілеттігін тоқтатуды ұсынғанын айтты.
«Шындық анықталғанға дейін қызметтен өз еркіммен кетуді әділдік қағидаттарына сай шешім деп санаймын. Сондықтан мемлекет басшысы қызметінен кету туралы шешім қабылдадым», – деді ол.
Бұдан бөлек, Хүрэлсүх өзіне қатысты жалған ақпарат таратты деп есептейтін адамдардың әрекетіне құқықтық баға беру үшін құзырлы органдарға жүгінетінін жеткізді. Сондай-ақ қарапайым азамат мәртебесіне өткеннен кейін БАҚ өкілдерімен кездесіп, жағдайға қатысты өз ұстанымын толық түсіндіруге ниетті екенін айтты.
Ухнаагийн Хүрэлсүх туралы не белгілі?
Ухнаагийн Хүрэлсүх 2021 жылдан бері Моңғолия президенті қызметін атқарды. Сол жылдың мамырында ол Моңғолия Халық партиясынан президенттікке кандидат ретінде тіркелді. Оның сайлауалды ұраны «Моңғолия – өз байлығының иесі» болды.
2021 жылғы 9 маусымда өткен президент сайлауында Хүрэлсүх 67,76 пайыз дауыс жинап, 1993 жылдан бергі ең жоғары нәтижелердің біріне қол жеткізді.
Моңғолияның ұлттық ақпарат агенттігінің дерегінше, 2025 жылы ел экономикасы 6,8 пайызға өскен. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,4 пайыз болған. Осы кезеңде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 4,5 мың доллардан 7 мың долларға дейін, ал елдің валюталық резервтері 4,4 миллиард доллардан 7 миллиард долларға дейін ұлғайған.
2025 жылдың қазан айында S&P халықаралық рейтинг агенттігі Моңғолияның кредиттік рейтингін BB- деңгейіне дейін көтерді. Бұл – соңғы 13 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Президенттің қызметтен кету туралы шешім қабылданғаннан кейін Моңғолияда жаңа сайлау өткізуге төрт айға дейін уақыт беріледі. Осылайша, ел жақын айларда жаңа мемлекет басшысын сайлауға дайындалуы мүмкін.
Келесі материал: London City Ballet Қазақстанға алғаш рет келеді: Freedom Festival бағдарламасы белгілі болды
