Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Сяофэньцзы шағын ауылы ауылдық кескіндеме өнерінің арқасында туристік орталыққа айналды. Бұрын негізінен ауыл шаруашылығымен айналысқан жергілікті тұрғындар бүгінде қолдарына қылқалам алып, көркемсурет галереялары мен қонақ үйлер ашып жатыр. Қазір елді мекен жыл сайын 300 мыңнан астам турист қабылдайды. Ал туризмнен түсетін табыс 8 миллион юаньнан асады.
Сяофэньцзы ауылы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы, Жимсар уезінің Синьди ауылдық округінде, Тянь-Шань тауының солтүстік етегінде орналасқан. Қыстың алғашқы айларында ауылдың тау бөктерін қар басқанымен, жергілікті тұрғындар шығармашылықпен айналысуын жалғастырады.
Олардың бірі – 64 жастағы Чжан Синьсян. Ол ауыл шаруашылығындағы жұмыстарынан бос уақытында туған өлкесінің табиғатын бейнелейтін картиналар салады. Әйелдің айтуынша, кескіндеме өнері бала кезіндегі арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп, күнделікті өміріне жаңа бояу қосқан.
Жергілікті суретшілердің туындылары аймақтан тыс жерлерде де танылып үлгерді. Өткен айда Шэньчжэнь қаласында Шыңжаң шаруаларының «Жерден өскен картиналар» атты көрмесі ашылды. Онда ұсынылған 22 туындының басым бөлігі Сяофэньцзы тұрғындарына тиесілі болды. Олардың арасында Чжан Синьсянның да жұмыстары бар.
Осыдан он жыл бұрын бұл ауыл табыс табу мүмкіндігі шектеулі шағын елді мекен болатын. Таулы жер бедері мен егістік алқаптардың аздығына байланысты тұрғындар табиғи жағдайларға тәуелді болды. Халықтың табысы төмен болып, ауыл бір кезеңде кедей елді мекендердің қатарына да енген.
Жағдай шамамен 2014 жылы өзгере бастады. Сол уақытта мұнда Қытайдың әртүрлі аймақтарынан суретшілер келе бастаған. Олар жергілікті табиғаттан шабыт алып, шығармашылық жұмыстарына қажетті материалдар жинап, біртіндеп ауылға қоныстанған. Осылайша Сяофэньцзы бейресми түрде «суретшілер ауылы» деген атауға ие болды.
Уақыт өте келе мұнда көркемсурет галереясы, қонақ үйлер мен барлар ашылды. Жергілікті тұрғындар бариста болып жұмыс істеу, туристерді қабылдау және шағын қонақ үйлерді басқару сияқты жаңа кәсіптерді меңгере бастады.
Алғашқылардың бірі болып кәсіп ашқан тұрғындардың бірі – Ма Шэнси. Шамамен он жыл бұрын ол өз үйін жөндеп, ауылдағы алғашқы қонақ үйді іске қосқан. Кейін отбасы жаңа баспана салып, бұрынғы үйін ауылдық көркемсурет галереясына айналдырды. Бүгінде оның қабырғаларында әртүрлі суретшілердің туындылары ілулі тұр. Олардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Ма Хайлян суретшілердің кеңесіне құлақ асып, бұрын қой қорасы болған ғимаратты «Қой қорасындағы бар» атты тақырыптық орынға айналдырған. Сонымен қатар бос тұрған ғимараттарды қонақ үйлер ретінде жабдықтап, туристер арасында танымал еткен. Соның арқасында оның жыл сайынғы қосымша табысы 60 мың юаньнан асады.
Шыңжаңдық суретші, ауылдағы шығармашылық қауымдастықтың алғашқы өкілдерінің бірі Лю Яньхунның айтуынша, жергілікті тұрғындардың өнерге деген көзқарасы біртіндеп өзгерген. Бұрын ауыл халқы малдың бағасына көбірек қызығушылық танытса, қазір олардың көпшілігі өздері сурет салып, күнделікті өмірін шығармашылық арқылы бейнелейді.
Бастапқыда сурет салу шаруалар үшін ауыл шаруашылығы жұмыстарынан бос уақытта айналысатын ермек болған. Кейін бұл қызығушылық табыс әкелетін толыққанды шығармашылыққа ұласып, тұрғындардың туған өлкесіне деген көзқарасын да өзгерткен.
Қазір Сяофэньцзы ауылында Қытайдың әртүрлі өңірінен келген 30-дан астам суретші тұрып, еңбек етеді. Мұнда 20-дан астам қонақ үй мен ауылдық мейрамхана жұмыс істейді. Жыл сайынғы туристер саны 300 мыңнан асады, ал туризмнен түсетін табыс 8 миллион юаньнан жоғары.
Сяофэньцзы ауылының тарихы мәдениет пен шығармашылық бастамаларды дамыту ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзіне айналып, туристерді тартуға және шағын елді мекеннің экономикасын өзгертуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Келесі материал: Түркістан облысында қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорын ашылды
