Түркістан облысында қағаз қалдықтарын қайта өңдеуге арналған жаңа кәсіпорын іске қосылды. Жоба ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен қалдықтарды өңдеу саласын дамыту аясында жүзеге асырылды деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Кәсіпорынды «Sadyk-bereke» ЖШС іске асырды. Жобаның жалпы құны – 64 млн теңге. Өндіріс орны жылына 1 мың тоннаға дейін қағаз қалдығын қайта өңдеуге қауқарлы.

Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы өңірде макулатураны қайта өңдеу көлемін арттырып, қағаз қалдықтарын қайтадан өндірісте пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, полигондарға жіберілетін қалдық көлемін азайтып, қайталама шикізатты экономикалық айналымға тартуға жағдай жасалады.
Қалдықтарды өңірлердің өзінде қайта өңдеу оларды басқару жүйесін жетілдіруге және тұрақты инфрақұрылым қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, «Sadyk-bereke» ЖШС жобасы қалдықтарды қайта өңдеу саласын қаржыландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған кәсіпорындардың бірі.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен «Жасыл даму» АҚ кәдеге жарату төлемінен түскен қаражат есебінен 34 жобаны қаржыландыруға 122,6 млрд теңге бөлген. Бұл бастамалар елімізде қалдықтарды басқарудың заманауи инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Бүгінгі күнге дейін аталған жобалардың 15-і іске асырылды. Олардың аясында 131 бірлік арнайы техника сатып алынып, жылына 290 мың тонна қалдықты сұрыптайтын желілер пайдалануға берілді. Сонымен қатар жыл сайын 19,3 мың тонна қалдықты қайта өңдей алатын өндіріс орындары іске қосылды.

Кәдеге жарату төлемінен түскен қаражат Қазақстан Республикасының Экология кодексіне сәйкес жұмсалады. Мұндай жобалар қайта өңдеу көлемін ұлғайтуға, полигондарға көмілетін қалдық мөлшерін азайтуға және қайталама шикізатты өндірісте тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Келесі материал: Моңғолияда Ильхан мемлекеті мен парсы өнеріне арналған халықаралық көрме ашылды
