Өзбекстанның Ташкент қаласы мен оған іргелес аумақтарда ауа сапасының нашарлауына Қазақстаннан келген трансшекаралық шаң массалары әсер етіп жатыр. Бұл туралы Өзбекстанның бұқаралық ақпарат құралдары Өзгидромет мәліметтеріне сілтеме жасап хабарлады, деп жазады SteppeNews.kz.
Мамандардың мәліметінше, соңғы бес күнде Ташкентте жауын-шашын болмаған. Сонымен қатар желдің жылдамдығы төмендеп, ауа алмасу процесі баяулаған. Мұндай метеорологиялық жағдайлар атмосферадағы ластаушы заттардың таралуына кедергі келтіреді.
17-21 қараша аралығында елорда маңындағы «Сафия» және «Green University» бақылау бекеттерінде PM2.5 және PM10 ұсақ шаң бөлшектерінің жоғары концентрациясы тіркелген.
Алайда Ташкент қаласының өзіндегі автоматты мониторинг станцияларында ластаушы заттар мөлшерінің айтарлықтай өсуі байқалмаған. Өзгидромет өкілдері мұны сыртқы аумақтардан келетін трансшекаралық шаңмен түсіндірген.
Сонымен қатар қаладағы ауа сапасына жергілікті ластану көздері де әсер ететіні айтылған. Олардың қатарында автокөлік шығарындылары, құрылыс алаңдары мен өнеркәсіптік кәсіпорындар бар.
Келесі материал: TikTok қоғам қайраткерлерінің бейнесін пайдаланатын дипфейктерді анықтайтын функцияны енгізді
