2026 жылғы 21 қарашада Ереванда өткен DigiTec 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында Тәжікстанның Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің төрағасы Азизджон Азими мен Toloka халықаралық технологиялық компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Ольга Мегорская кездесті. Бұл туралы SteppeNews.kz avesta.tj ақпараттық агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Кездесу барысында тараптар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Әсіресе нейрожелілер мен заманауи ЖИ модельдерін оқыту, сынақтан өткізу және жетілдіру үшін қажетті деректерді белгілеу мен таңбалау (Data Labeling) мәселелеріне басымдық берілді.
Сонымен қатар Тәжікстандағы A7LAS жасанды интеллект индустриялық паркі базасында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Атап айтқанда, арнайы зерттеу зертханасын құру, деректерді дайындау инфрақұрылымын дамыту және қолданбалы жасанды интеллект бағытындағы жобаларды іске асыру мәселелері сөз болды.
Айта кетейік, Toloka – 2014 жылы Ольга Мегорская негізін қалаған халықаралық технологиялық компания. Ол жасанды интеллект модельдерін оқыту мен бағалауға арналған сапалы деректерді дайындауға маманданған. Компания Microsoft, Amazon және Anthropic сияқты ірі технологиялық корпорациялармен жұмыс істейді.
2025 жылы Toloka Bezos Expeditions инвестициялық компаниясы мен Nebius технологиялық тобының қатысуымен 72 миллион доллар инвестиция тартты. Инвестициялық раунд қорытындысы бойынша компанияның нарықтық құны 288 миллион долларға бағаланған.
Кездесу соңында Азизджон Азими мен Ольга Мегорская ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және Тәжікстандағы жасанды интеллект экожүйесін дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды пысықтауға мүдделі екенін білдірді.
Келесі материал: Қазақстан Азаматтық кодексінің қытай тіліндегі нұсқасы Бейжіңде таныстырылды
