Ташкентте өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Санжар Ерұланұлы алтын медаль жеңіп алды. 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы финалда жапониялық Шокей Хираноны жеңіп, әлем чемпионы атанды деп хабарлайды SteppeNews.kz ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Ербол Мырзабосынов қатысты.

Санжар жарыс барысында Германия өкілі Даниил Спиридоновты, Италия балуаны Франческо Маццонды, ширек финалда Әзербайжан спортшысы Давуд Намазлиді және жартылай финалда Испания өкілі Никита Юдановты жеңді. Ал шешуші белдесуде жапониялық қарсыласынан басым түсті.
Осы салмақта тағы бір қазақстандық Асқар Біржанов қола жүлдеге ие болды. Үшінші орын үшін өткен белдесуде ол Испания өкілі Никита Юдановты жеңді.

Асқар жарыс жолында Үндістан спортшысы Харш Шарманы және Литва өкілі Маюс Генисті ұтты. Алайда ширек финалда жапониялық Шокей Хираноға есе жіберді. Кейін жұбаныш белдесуінде Ресей өкілі Владимир Досякты жеңіп, қола медаль үшін күресуге мүмкіндік алды.
Осылайша, Санжар Ерұланұлы Қазақстан тарихында дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатының жеке жарысында алтын медаль алған үшінші спортшы атанды. Бұған дейін Елдос Сметов 2010 жылы, ал Мағжан Шамшадин 2015 жылы әлем чемпионы болған. Қазақстандық дзюдошылар 11 жылдық үзілістен кейін жастар арасындағы әлем чемпионатының алтынына қайта қол жеткізді.
Айта кетейік, Санжар Ерұланұлы 2024 жылы кадеттер арасындағы әлем чемпионатында да алтын медаль жеңіп алған. Биыл Ташкентте өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатына 82 елден 594 спортшы қатысуда.
Келесі материал: Тоқаев ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады
Посмотреть эту публикацию в Instagram
