Қазақстан мен Қытай энергетика саласындағы әріптестікті жаңа технологиялар, жасанды интеллект және экологиялық шешімдер арқылы дамытуға басымдық беріп отыр. Парниктік газдар шығарындыларын азайту, қолданыстағы құбырлардың тиімділігін арттыру және мұнай-газ инфрақұрылымын цифрландыру мәселелері 18 қарашада Астанадағы Назарбаев университетінде өткен «Энергетикалық артериялар және жасыл даму» семинарында талқыланды. Бұл туралы SteppeNews.kz хабарлайды.
CNPC Central Asia Ltd. бастамасымен, «Азиялық газ құбыры» ЖШС қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараға екі елдің энергетикалық компанияларының, салалық ұйымдардың өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты. Семинарға жалпы саны 100-ге жуық адам жиналды.
Кездесуде құбыр арқылы тасымалдау жүйесін дамыту, үлкен тілдік модельдерді пайдалану, инфрақұрылымды цифрландыру және экологиялық технологияларды енгізу мәселелері қарастырылды.
Құбыр жүйелерінің экологиялық тиімділігі артып келеді
Семинардың негізгі тақырыптарының бірі газ тасымалдау инфрақұрылымының қоршаған ортаға әсерін азайту болды. «Азиялық газ құбыры» ЖШС мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында «Орталық Азия – Қытай» магистральдық газ құбырының А, В және С желілері арқылы газ тасымалдау кезіндегі меншікті көміртек сыйымдылығы 16,5%-ға төмендеген.
Осы кезеңде технологиялық қажеттіліктерге жұмсалатын газ көлемі 46,5 млн текше метрге қысқарған. Нәтижесінде көмірқышқыл газының шығарындылары шамамен 100,4 мың тоннаға азайған.

Қолданылып жатқан технологиялық шешімдер туралы «Азиялық газ құбыры» ЖШС бас директорының күрделі құрылыс жөніндегі орынбасары Чжао Фань айтып берді. Оның сөзінше, кәсіпорын құбырлардың жұмыс режимін цифрлық модельдеу, компрессорлық станциялардың жүктемесін оңтайландыру, метанның таралуын анықтау және мобильді компрессорлық қондырғыларды пайдалану бағытында жұмыс істеп келеді.
Мобильді компрессорлар жөндеу жұмыстары кезінде газды атмосфераға шығармай, қайтадан жүйеге жіберуге мүмкіндік береді.
«Құбыр инфрақұрылымын пайдалану барысында экологиялық талаптар барлық кезеңде ескеріледі. Біз мониторинг пен басқару тәсілдерін үнемі жетілдіріп, энергия тұтынуды оңтайландырамыз. Сонымен қатар тасымалдау сенімділігін экологиялық жауапкершілікпен ұштастыруға мүмкіндік беретін озық шешімдерді енгізіп келеміз», – деді Чжао Фань.
Экологиялық жаңғыртудың тағы бір бағыты – өндірістік нысандарды энергиямен қамтамасыз ету. Атап айтқанда, кейбір станцияларда күн электр қондырғылары орнатылған. Семинарда ұсынылған мәліметке сәйкес, олар жылына 1,8 млн кВт·сағаттан астам электр энергиясын өндіреді.
Мұнай-газ саласында жасанды интеллект қолданылады
Семинарда мұнай-газ саласын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын пайдалану мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Қытай мұнай университетінің (Бейжің) профессоры Гун Цзин мұнай мен газды сақтау және тасымалдау саласында үлкен тілдік модельдерді қолдану мүмкіндіктерін таныстырды.
Ал Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының мұнай-газ құбыр жүйелері департаментінің аға сарапшысы Мерген Жақсылықов мұнай-газ секторын цифрландырудың перспективалары туралы баяндады.
«Каспий құбыр консорциумы» АҚ бас директорының орынбасары Қайыргелді Қабылдин Қазақстандағы құбыр көлігінің қалыптасу тарихы мен оның даму бағыттарына тоқталды.
Осылайша, қатысушылар жаңа технологияларды енгізумен қатар, қолданыстағы өндірістік нысандардың жұмыс тиімділігін арттыру мәселелерін де қарастырды.

Құбырлардың жалпы ұзындығы 7,5 мың шақырымнан асады
Қазақстан мен Қытайдың энергетика саласындағы ынтымақтастығы шамамен 30 жыл бойы дамып келеді. Осы уақыт ішінде мұнай мен газды тасымалдауға арналған ауқымды инфрақұрылым қалыптасты.
Қазіргі уақытта екі елдің бірлескен төрт кәсіпорны жалпы ұзындығы 7 591 шақырым болатын алты магистральдық мұнай және газ құбырын пайдаланады.
Олардың қатарында «Орталық Азия – Қытай» газ құбыры, «Қазақстан – Қытай» және «Атырау – Кеңқияқ» мұнай құбырлары, сондай-ақ «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбыры бар.

Бірлескен инфрақұрылымның дамуы туралы CNPC Central Asia Ltd. бас директорының орынбасары Гао Бин баяндады. Оның айтуынша, алдағы уақытта құбыр жүйелерін жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және оларды пайдалану тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
«Магистральдық мұнай және газ құбырлары бойынша бірлескен жобалар Қазақстан мен Қытайдың энергетикалық байланысының маңызды бөлігіне айналды. Жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, біз инфрақұрылымды дамытуды, заманауи шешімдерді енгізуді және оны пайдалану тиімділігін арттыруды жалғастырамыз», – деді Гао Бин.
CNPC компаниясының Қазақстандағы қызметіне 30 жыл толады
2027 жылы CNPC корпорациясының Қазақстандағы қызметіне 30 жыл толады. Компания еліміздегі жұмысын 1997 жылы бастаған. Оның Қазақстандағы алғашқы жобасы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ болды.
Компанияның мәліметінше, осы уақыт ішінде барлық деңгейдегі бюджеттерге төленген салық және кедендік төлемдердің жалпы көлемі 50 млрд АҚШ долларынан асқан. Сонымен қатар әлеуметтік және қайырымдылық жобаларына 400 млн доллардан астам қаражат бөлінген.
Мұнай-газ жобалары аясында 22 мыңнан астам тікелей жұмыс орны ашылған. Қызметкерлердің 98%-ын Қазақстан азаматтары құрайды. Ал жобалардың арқасында жанама жұмыспен қамтылғандар саны шамамен 90 мың адамға жеткен.
Студенттер энергетикалық ынтымақтастық мүмкіндіктерімен танысты
Қазақстан мен Қытай арасындағы әріптестік мұнай-газ саласында білім алып жатқан студенттер үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Мұнай-газ ісі мамандығының үшінші курс студенті Ләззат Закария CNPC ұйымдастырған студенттік лагерь аясында Қытайға барған жазғы білім беру сапары туралы айтып берді.
«Біз Сиань мен Бейжің қалаларына барып, CNPC компаниясының қызметімен таныстық. Сонымен қатар BYD және LONGi компанияларының кәсіпорындарын араладық. Осы сапар барысында Қытайдың энергетика саласының қалай дамып жатқанын көріп, ірі кәсіпорындардың жұмысымен таныстық», – деді Ләззат.
Назарбаев университетінде фотокөрме ашылды
Семинар аясында Назарбаев университетінде «Жібек жолының энергетикалық артериялары фотокамера объективінде» атты фотокөрме ұйымдастырылды.
Экспозиция Қазақстан мен Қытайдың құбыр көлігі саласындағы жиырма жылдан астам уақытты қамтитын ынтымақтастығына арналған. Көрмеге энергетикалық инфрақұрылым құрылысының негізгі кезеңдері, өндірістік нысандардың жұмысы және осы салада еңбек ететін мамандар туралы фотосуреттер қойылған.
Көрме CNPC Central Asia Ltd. және «Азиялық газ құбыры» ЖШС қатысуымен корпорацияның мәдени, әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын біріктіретін E-Light («Жарық энергиясы») бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Назарбаев университетінде өтіп жатқан көрмені 18 және 19 қараша күндері тамашалауға болады.
Семинар Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестікті одан әрі дамыту, инфрақұрылымға заманауи технологияларды енгізу және мұнай-газ саласының экологиялық тиімділігін арттыру мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.
Сауле Тугельбаева
Келесі материал: Қарағанды медицина университеті дәрігерге арналған ЖИ көмекшісі мен виртуалды пациент әзірлеп жатыр
