2027 жылғы 7–8 маусымда Алматыда GITEX AI Kazakhstan халықаралық көрмесі екінші рет ұйымдастырылады. Іс-шара жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және технология салаларына инвестиция тартуға бағытталған, деп хабарлайды SteppeNews.kz Алматы қаласының әкімдігіне сілтеме жасап.
Орталық Азия мен Кавказ елдерінде цифрлық технологияларды дамытуға және жасанды интеллектіні енгізуге арналған жобалар саны артып келеді. Statista болжамына сәйкес, 2029 жылға қарай өңірдегі IT-қызметтер нарығының көлемі 5,6 млрд долларға жетуі мүмкін.
Қазақстан 2025 жылдың қорытындысы бойынша IT-қызметтер экспортынан алғаш рет 1 млрд доллардан астам табыс тапты. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 33,5 млн доллар болса, 2025 жылы 1,142 млрд долларға жеткен. Осылайша, бес жыл ішінде IT-қызметтер экспорты 34 есеге өскен.
GITEX AI Kazakhstan 2027 көрмесі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен Алматыдағы «Атакент» ҚІЫО-да өтеді. Іс-шара Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен, Astana Hub және Алматы қаласы әкімдігімен серіктестікте ұйымдастырылады.
2026 жылы өткен алғашқы көрмеге 86 елден 12 мың адам қатысқан. Экспоненттер қатарында 334 компания мен стартап болды. Көрмені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ашқан. Сонымен қатар іс-шара аясында Мемлекет басшысының төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өткен.
Көрмеде бес жаңа тақырыптық экспозиция ұсынылады
2027 жылғы көрменің бағдарламасы кеңейтіліп, сатып алу және іскерлік кездесулер бағытына басымдық беріледі. Сондай-ақ бес жаңа тақырыптық экспозиция ұйымдастырылады. Олар:
- GITEX SuperComputeX – суперкомпьютерлік технологиялар;
- GITEX New EnergyX – жаңа энергетика;
- GITEX RobotiX – робототехника;
- GITEX Cyber Valley – киберқауіпсіздік;
- GITEX Intelligent Cities x Connectivity – ақылды қалалар мен байланыс технологиялары.
Аталған бағыттар Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан жобалармен байланысты. Олардың қатарында Екібастұзда суперкомпьютерлік қуаттарды дамыту және деректер орталықтарының жұмысына қажетті энергетикалық инфрақұрылым қалыптастыру бар.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жаңа экспозициялар мемлекеттік органдарды, халықаралық технологиялық компанияларды, инвесторлар мен стартап өкілдерін біріктіреді. Көрме аясында халықаралық инвестиция тарту, әріптестікті дамыту және технологиялық жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылады.
2027 жылғы көрменің бағдарламасы мен негізгі бағыттары Алматыда өткен нетворкинг кездесуінде таныстырылды. Оған GITEX AI Kazakhstan ұйымдастырушылары, қабылдаушы тараптың өкілдері, өңірлік серіктестер мен технологиялық компаниялардың басшылары қатысты.
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы аясында жасанды интеллектіні дамыту жоспарларына тоқталды.
«Қазақстандағы ЖИ трансформациясының келесі кезеңі жасанды интеллектіні жай ғана енгізумен шектелмейді. Ең бастысы, оны кеңінен қолдануға қажетті бүкіл негізді қалыптастыру. Бұған есептеу қуаттары, энергетика, цифрлық байланыс, білікті кадрлар, реттеу тетіктері мен капитал кіреді. Қазақстан қазірдің өзінде осы бағыттағы жұмысты қолға алды. Digital Qazaqstan стратегиясы бұл өзгерістердің ұлттық деңгейдегі негізгі бағыттарын айқындайды. Ал GITEX AI Kazakhstan сияқты алаңдар еліміздің экожүйесін әлемдік технология көшбасшыларымен, инвесторлармен және серіктестермен байланыстырады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды жасанды интеллектіні әзірлеу, енгізу және кеңінен қолдану бойынша Еуразиядағы негізгі орталықтардың біріне айналдыру», – деді Жаслан Мәдиев.
Қазақстанда бірыңғай ЖИ инфрақұрылымын құру жоспарланып отыр
GITEX AI Kazakhstan 2027 көрмесінің өткізілуі Қазақстанның «Цифрлық Жібек жолы» жобасын дамыту жоспарымен тұспа-тұс келіп отыр. Жоба аясында деректер орталықтарын, ғарыштық есептеу жүйелерін, спутниктерді және Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін біріктіретін бірыңғай жасанды интеллект инфрақұрылымын құру көзделген.
Аталған байланыс желісі Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Әзірбайжанды жалғайтын ұзындығы 380 шақырымдық суасты телекоммуникациялық кабелін қамтиды.
Google тапсырысы бойынша жүргізілген зерттеуге сәйкес, алдағы он жылда генеративті жасанды интеллект Армения, Әзірбайжан, Грузия және Қазақстан экономикасына жыл сайын қосымша 12–15 млрд доллар табыс әкелуі мүмкін. Бұл төрт елдің жиынтық жалпы ішкі өнімінің шамамен 4 пайызына тең.
KPMG деректеріне сәйкес, өңірдегі компаниялардың 53 пайызы жасанды интеллектіні кең ауқымда енгізген. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен (24%) екі еседен астам жоғары. Сонымен қатар Қазақстан компаниялары бизнес шешімдерін қабылдау кезінде жасанды интеллект ұсынған ұсынымдарға көбірек сенім артады. Бұл көрсеткіш 86 пайызды құрайды.
Қазақстанда Digital Qazaqstan ұлттық стратегиясы аясында жасанды интеллектіні мемлекеттік қызметтерге енгізу, Ұлттық ЖИ платформасын дамыту және білікті мамандар даярлау жоспарланған. Сонымен қатар Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс компаниялар мен инвесторларға арналған құқықтық реттеу тетіктерін айқындайды.
NVIDIA және Firebird компанияларымен жасалған 10 млрд долларлық келісім Екібастұздағы Деректер орталықтары алқабында ұлттық суперкомпьютерлік қуаттарды дамытуға бағытталған. Жоба аясында шамамен 100 мың графикалық процессорға (GPU) негізделген есептеу инфрақұрылымын құру көзделіп отыр.
Қазақстанның технологиялық экожүйесінде де өсім байқалады. Қазір Astana Hub-та 2 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Оның резиденттерінің IT-қызметтер экспорты 2025 жылы 633,8 млн долларды құраған.
Көрме халықаралық технологиялық компаниялар мен инвесторларды біріктіреді
GITEX AI Kazakhstan жасанды интеллект, үлкен деректер, бұлттық технологиялар, SaaS, деректер орталықтары, энергетика, киберқауіпсіздік және байланыс инфрақұрылымы бағыттарын қамтиды.
GITEX бас директоры Трикси Ло Мирмандтың айтуынша, Орталық Азия мен Кавказ елдері жасанды интеллектіні дамытуға қатысты жоспарларын жүзеге асыруға кіріскен. Оның сөзінше, өңірде бұл технологияны кеңінен енгізу үшін қажетті есептеу қуаттары, энергетикалық инфрақұрылым, кадрлар және нормативтік база қалыптасып келеді.
«Орталық Азия мен Кавказ елдері жасанды интеллектіні енді алыс болашақтың мүмкіндігі ретінде қарастырмайды. Олар нақты жоспарларды жүзеге асырып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытып, ЖИ-ді кең ауқымда енгізуге қажетті есептеу, энергетикалық, кадрлық және нормативтік негізді қалыптастырып жатыр. GITEX AI Kazakhstan осы үдерістің барлық буынын біріктіреді. Бұл өңірлік басымдықтарды инвестиция тартуға қолайлы жобаларға, коммерциялық келісімдерге және өңірдің қалаларында, өнеркәсібі мен экономикасында нақты қолданылатын технологияларға айналдыруға мүмкіндік береді», — деді GITEX бас директоры Трикси Ло Мирманд.
GITEX AI Kazakhstan 2027 көрмесі 7–8 маусымда Алматыдағы «Атакент» ҚІЫО-да өтеді.
Келесі материал: Антибиотиктердің тиімділігі неге төмендеп барады?
