Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларға тіркелуіне шектеу енгізу ұсынылды. Тиісті түзетулер онлайн-платформалар мен бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобаларына енгізілген. Құжаттарды Құрылтай депутаттары бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды SteppeNews.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды, кәмелетке толмағандардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және онлайн-платформалардың жауапкершілігін арттыруды көздейді.
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта өзекті мәселелердің бірі – онлайн-платформалардың Қазақстан заңнамасының талаптарын орындауын қамтамасыз ету.
Министрдің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы 10 айында онлайн-платформаларда 128,5 мың құқыққа қайшы материал анықталған. Алайда олардың тек 70 пайызы ғана өшірілген. Осыған байланысты онлайн-платформаларды Қазақстанда ресми өкілдік ашуға міндеттеу және заңсыз контентті жою туралы талаптарды орындамағаны үшін жауапкершілік енгізу ұсынылып отыр.
Сонымен қатар бес мыңнан астам жазылушысы бар пайдаланушылар мен жария қауымдастықтарды сәйкестендіру тетіктерін енгізу көзделген.
16 жасқа дейінгі балаларға шектеу қойылуы мүмкін
Заң жобасында 16 жасқа толмаған балалардың онлайн-платформаларға тіркелуін шектеу және пайдаланушылардың жасын тексеру тетіктерін енгізу қарастырылған.
Алайда бұл талап ата-аналармен, жақындарымен және мұғалімдермен байланысуға арналған мессенджерлерге қолданылмайды.
Заң жобасында аудиовизуалды платформалар арқылы телеарналар мен радиоарналарды тарату қызметін лицензиялау ұсынылған. Сондай-ақ онлайн-кинотеатрлардың Қазақстандағы заңды өкілдерін белгілеу көзделіп отыр. Бұл медиа нарық қатысушыларына ортақ талаптар қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Азаматтардың құқықтарын қорғау күшейтіледі
Ұсынылған түзетулер азаматтардың ар-намысы мен қадір-қасиетін, сондай-ақ өз бейнесіне қатысты құқықтарын қорғауды күшейтуді көздейді.
Бұдан бөлек, онлайн-платформаларда жала жабу және бұқаралық ақпарат құралдары мен интернетте балағат сөздер қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу ұсынылған.
Сондай-ақ мемлекеттік органдардың БАҚ-та жарияланатын ресми жауаптарын арнайы белгілеу және білім беру курстары мен оккульттік қызметтер туралы ақпараттың ашықтығын арттыру мәселелері қарастырылған.
Айта кетейік, заң жобалары әзірге бірінші оқылымда мақұлданды. Ұсынылып отырған өзгерістер цифрлық ортадағы қауіпсіздікті арттыруға және медиа нарықты реттеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Оқи отырыңыз: Тоқаев: 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салуды қолдаймын
Келесі материал: Қазақстанда терроризм туралы жалған хабар таратқан 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды
